Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК ҒАЛЫМ Р.Н.ЖАНАЛИЕВА МӘСКЕУДЕ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖОБАЛАРЫНА ҚАТЫСУДА

Шымкент қаласындағы Орталық Азия Инновациялық университетінің профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Роза Нұрланқызы Жаналиева сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Ресейдің жетекші оқу орындарының бірі — М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде ғылыми-зерттеу іссапарында болып қайтты. Ғалымның бұл сапары Мәскеу Мемлекеттік университетінің жанынан құрылған механикалық ғылыми-зерттеу орталығы базасында өтті.

Іссапар барысында профессор Жаналиева бірлескен эксперименттік ғылыми жобаларға қатысып, инновациялық бағыттағы зерттеулер жүргізуге белсенді атсалысты. Бұл бастама екіжақты ғылыми серіктестікті нығайтып қана қоймай, ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың нақты көрінісіне айналды.

Ғылыми орталық өкілдерімен өткен кездесу барысында зерттеу бағыттарының мазмұны, қолданылатын технологиялар мен әдістемелер, зертханалық база және кадрлық әлеует кеңінен сарапталды.

Механикалық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары инновациялық технологияларды енгізу және дамытуға мүдделі екендіктерін білдіріп, алдағы уақытта арнайы халықаралық ғылыми топ құру туралы бастама көтерді. Бұл топ құрамына Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдары мен жас зерттеушілері енгізіліп, стратегиялық маңызды ғылыми бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар атқарылмақ.

Профессор Жаналиева өзінің ғылыми-зерттеу бағыты бойынша мол тәжірибесімен бөлісіп, химия және материалтану саласындағы тың тәсілдер мен нәтижелерді ұсынды. Мәскеулік әріптестер тарапынан ұсынылған ғылыми жобалар Орталық Азия өңірі үшін өзекті экологиялық және технологиялық мәселелерді шешуге бағытталатыны атап өтілді.

Кездесу нәтижесінде екіжақты келісімдерге қол жеткізіліп, тараптар ортақ зертханаларда жұмыс жүргізу, ғылыми мақалалар жариялау, ғылыми конференцияларға бірлесіп қатысу және студенттер мен магистранттардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру секілді бірқатар келісімдерге келісті. Бұл қадамдар халықаралық дәрежедегі зерттеулерге жол ашып, екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге серпін бермек.

Орталық Азия Инновациялық университетінің атынан сапарға қатысқан Роза Нұрланқызының айтуынша, мұндай халықаралық серіктестік — қазақстандық ғылымның дамуына және ғалымдардың жаһандық деңгейде мойындалуына жол ашатын маңызды платформа.

«Бүгінгі таңда ғылым — шекара танымайтын сала. Біз Мәскеу Мемлекеттік университеті секілді әлемдік деңгейдегі оқу ордасымен әріптестік орната отырып, өзіміздің ғылыми әлеуетімізді де жаңа деңгейге көтереміз. Бұл — жас ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға үлкен мүмкіндік», — деді профессор Р.Н.Жаналиева.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Қазақстанда да бірлескен ғылыми жобалар аясында шеберлік сабақтары мен тәжірибелік семинарлар өткізу жоспарланып отыр. Бұл екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы байланыстарды нығайтуға қосымша серпін беретіні сөзсіз.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС ПОЛИГОНДАР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН РЕТТЕЛУДЕ

bastynews

МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАҢА ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

bastynews

ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ТАШКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ҚОСДИПЛОМДЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

bastynews