Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институтының ашылу салтанаты өтті. Маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов, сондай-ақ ел ағалары, қоғамдық ұйым өкілдері мен дін саласындағы мамандар қатысты. Көпшілік ашылған оқу орнының маңызды әлеуметтік және рухани маңыздылығын жоғары бағалады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталды.
– Президентіміз «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» – деген болатын. Осы мақсатта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашып отырмыз. Институт заманауи үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған. Бұл игі іске қолдау көрсеткен «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қорына, демеуші азаматтарға және Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлына ерекше алғысымды білдіремін! Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осындай бастаманың жүзеге асуы заңдылық. Бұл оқу орны Ахмет Ясауи ілімін зерттеумен және имамдарға терең білім берумен айналысады. Мұнда Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміздің дін қызметкерлері де біліктілігін арттырады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ дін басқармасының Түркістан облысындағы өкілдігіне жаңа автокөлікті тапсырды.
Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт шәкірттерімен кездесіп, ислам ілімі мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптейтін тағылымды дәріс оқып, білім алушыларға рухани бағыт-бағдар берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 745 мешіт және 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда. Ислам институтының оқу ғимаратының жалпы алаңы 1250 шаршы метрді құрайды. Онда 90 орындық оқу залдары, 40 орындық кітапхана, заманауи оқу құралдары, мультимедиялық аудиториялар қарастырылған. Сонымен қатар жалпы аумағы 1250 шаршы метр болатын жатақхана ғимараты салынып, 45 орындық асхана және спорттық-демалыс аймақтары да қарастырылған.
Іс-шараға қатысушылар игі іске бастамашы болған облыс әкімдігіне, демеуші азаматтарға және діни басқармаға алғыстарын білдіріп, оқу орнының еліміздің рухани әлеуетін арттырудағы рөлін жоғары бағалады. Жаңа Ислам институты өңірдегі дін қызметкерлерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, жастар мен қоғамға дәстүрлі исламның ғылыми негіздерін жеткізуге, рухани тәрбиені күшейтуге де елеулі үлес қосатын болады.
