Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы заманауи білім беру жүйесінің трансформациялануына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осы орайда, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Үздіксіз білім беру орталығы «Жасанды интеллектті оқу үдерісінде пайдалану және енгізу: тәжірибелер, тәуекелдер және құралдар» тақырыбында 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсін сәтті ұйымдастырды. Бұл курс — жасанды интеллект (AI – Artificial Intelligence) технологияларын білім беру жүйесіне интеграциялау бағытында өткізілген маңызды кәсіби даму алаңы болды.
Курстың негізгі мақсаты – оқытушы-профессорлар құрамының цифрлық құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ AI шешімдерін оқу үдерісінде тиімді пайдалану бойынша практикалық дағдылар қалыптастыру. Курсты жүргізу үшін халықаралық деңгейде тәжірибесі мол «Plagiat.pl» компаниясының сарапшылары шақырылды. Олар академиялық адалдық, big data талдауы, machine learning, adaptive learning tools және edtech құралдарын қолдану бойынша нақты кейстер ұсынды.
Курс барысында тыңдаушылар білім беру экожүйесіне AI технологияларын енгізудің артықшылықтары мен тәуекелдерін саралап, академиялық процестегі этикалық нормалар, data privacy және алгоритмдік әділеттілік мәселелерін де талқылады. Сонымен қатар, онлайн білім беру платформаларына бейімделген интеллектуалды жүйелер, дербестендірілген оқыту модельдері және автоматтандырылған бағалау құралдары таныстырылды.
Курсқа университеттің басқарушы менеджменті мен профессорлық-оқытушылық құрамы белсене қатысты. Қатысушылар заманауи педагогика мен цифрлық технологиялар тоғысындағы инновациялық трендтермен танысып, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Курстың қорытындысы бойынша 60 тыңдаушыға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды.
Аталған курс – білім беру жүйесінде AI технологияларын енгізудің қажеттілігі мен өзектілігін көрсететін, академиялық ортада заманауи шешімдер қабылдауға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі таңда білім беруді цифрлық трансформациялау — жаһандық тренд қана емес, ұлттық білім беру саясатының да басым бағыттарының бірі. Мұндай бастамалар педагогтерді жаңа білім мен дағдыға бейімдеп, болашақтың интеллектуалды қоғамын қалыптастыруға негіз болары сөзсіз.
