Бүгінгі таңда білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде оқушылардың тілдік, коммуникативтік және мәдени сауаттылығын дамыту – ұлттық және халықаралық білім беру саясатында басым бағыттардың бірі болып отыр. Осыған орай, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің онкүндігі аясында ұйымдастырылған бірқатар ашық сабақтар мен тілтанымдық іс-шаралар оқушылардың тілдік және әлеуметтік-мәдени құзыреттерін жетілдіруге бағытталды.
10 «А» сыныбында пән мұғалімі Керімбаева Айгүл өткізген «Тіл – құндылық» тақырыбындағы ашық сабақта оқушылар мәтін мазмұнын сыни тұрғыдан талдап, негізгі ойды анықтап, автор ұстанымына баға беріп, ақпаратты өңдеу және қайта құрылымдау дағдыларын дамытты. Сабақта қолданылған «Ойтүрткі», «Төрт сөйлем» әдістері, көркем мәтінмен жұмыс, пікір алмасу және мазмұндық интерпретация — оқушылардың когнитивті, рефлексивті және прагматикалық қабілеттерін қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар, «Ұлт ұстазы» фильмінен үзінді көру арқылы оқушылар ұлттық тілдің тарихи-әлеуметтік маңызын зерделеп, тілдің мемлекеттілік пен мәдени бірегейлікті қалыптастырудағы рөліне тереңірек үңілді.
Онкүндік аясында өткен тағы бір маңызды іс-шара — 8-10 сынып оқушылары арасында өткізілген «Туған өлке» атты зияткерлік тілтанымдық сайыс болды. Бұл сайыстың мақсаты — оқушылардың тарихи-мәдени танымын кеңейту, пәнаралық байланыстарды орнатып, функционалдық сауаттылықты дамыту. «Өткел», «Белес», «Бекет», «Асу», «Жерұйық» кезеңдерінен тұратын байқау оқушылардың қазақ тілі, әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндері бойынша пәнаралық білімін жинақтап, тарихи жады мен ұлттық мұраға құрмет қалыптастыруға бағытталды.
Сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, әдістемелік жағынан қамтамасыз еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері — Аманбекқызы Ж., Жанзакова М.А. және Акимбек Л.Ж. оқушылардың білімін тәжірибелік жағынан қолдана білуіне, креативті ойлауын дамытуына мүмкіндік жасады.
Сондай-ақ, пән мұғалімі Айтпек Нұрсая 6 «И» сыныбымен өткізген «Ұлттық құндылықтар – ел қазынасы. Сөз екпіні. Ой екпіні» атты ашық сабақта оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мен тілдік нормаларды орынды қолдану дағдылары нығайтылды. Сабақта қолданылған «Кім жылдам?», «Бағдаршам» әдістері, сондай-ақ Worldwall, LearningApps, Classroomscreen сияқты цифрлық платформалар — оқытудағы цифрлық трансформацияны тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы оқушылар жұптық жұмыс форматында интерактивті тапсырмаларды орындай отырып, ІТ-сауаттылығын арттырды. Сабақ соңында «Домбыра» әдісімен оқушылардың рефлексивті ойлауына жол ашылып, оқу мотивациясы мен өзіндік бағалау қабілеттері қалыптасты.
