Жаһандану жағдайындағы жоғары білім беру жүйесінде академиялық ұтқырлық, интернационализация және трансшекаралық әріптестік (cross-border partnership) стратегиялық даму индикаторларының біріне айналды. Осы үдерістер шеңберінде Шымкент университетінің «Педагогика» кафедрасы Қырғызстан Республикасымен бірлесіп, бейнелеу өнері саласындағы педагогикалық мәселелерге арналған халықаралық семинар ұйымдастырды.
Семинар аясында Шымкент университетіне И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры, Қырғызстан Республикасының Халық суретшісі Шыгаев Юристанбек Абдиевич академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша арнайы шақырылды. Қонақ лектор 6В01403 – «Бейнелеу өнері және сызу» білім беру бағдарламасы бойынша дәрістер жүргізіп, студенттермен және оқытушылармен ғылыми-шығармашылық байланыс орнатты.
Семинардың ашылуында Шымкент университетінің халықаралық байланыстарға жауапты құрылымының өкілі, Білім беру бағдарламаларын жобалау бөлімінің бастығы Қобыланова Оңғаркүл Нұрмаxамбетқызы «Art education in global academic mobility context» тақырыбында баяндама жасады. Ол қазіргі бейнелеу өнері саласындағы білім беру үрдістерінің интердисциплинарлық бағытына тоқталып, халықаралық оқу бағдарламаларын интеграциялау мен визуалды мәдениетті трансұлттық деңгейде дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Педагогика» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы да семинар жұмысына белсенді қатысты. ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Шилибаев Нурлан «Педагог-суретшінің шығармашылығын талдау арқылы студенттерге тәрбиелік мәнін айқындау» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол болашақ мұғалімдердің креативті педагогикалық ойлауын (creative pedagogical thinking) қалыптастырудағы көркем өнердің рөлін ғылыми-практикалық тұрғыда саралады.
Семинардың келесі спикері – ҚР Мәдениет қайраткері, аға оқытушы Жорабеков Серікбай Құлышұлы «Мектептегі бейнелеу өнері сабақтарының мазмұны» тақырыбы бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, бейнелеу өнері пәнінің қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сәйкестігі туралы пікірлерін ортаға салды.
Халықаралық семинардың шарықтау шегі – профессор Юристанбек Шыгаевтың арнаулы дәрістері болды. Ол қатысушыларға келесі үш тақырып бойынша мазмұнды лекциялар оқыды:
- Қырғызстан кескіндемесінің даму үрдістері (Tendencies in Kyrgyz Visual Arts)
- Франциядағы импрессионизм (Impressionism in France)
- Қайта өрлеу дәуірі және оның бейнелеу өнеріндегі ықпалы (The Renaissance Epoch in Art)
Профессор өз лекцияларында бейнелеу өнерінің тарихи-мәдени эволюциясына, көркем стильдер мен мектептердің қалыптасуына, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктер мен жаһандық үрдістердің өзара ықпалына тоқталды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар мен шығармашылыққа деген қызығушылық семинардың белсенді әрі мазмұнды өткенінің дәлелі болды.
