2025 жылғы 7–10 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстанның атынан қатысқан жас өнертапқыштар зор жетістікке жетті. Ел намысын қорғаған оқушылардың арасында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған Шымкент қаласындағы №149 мектептің оқушылары ерекше көзге түсті.
FIRST LEGO League (FLL) – әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушыларды біріктіретін, ғылым, техника және инновация салаларындағы ең беделді жарыстардың бірі. Бұл чемпионат оқушылардың инженерлік дағдыларын дамытып қана қоймай, оларды зерттеушілік қабілетке, шығармашылыққа және топпен тиімді жұмыс істеуге баулиды.
2025 жылғы жарыс «Су асты әлемін зерттеу» тақырыбына арналды. Қатысушылар терең теңіздегі экожүйелер мен табиғи процестерді зерделеу, оларға арналған шешімдер ұсыну, арнайы роботтар құрастыру және ғылыми жобалар арқылы өз идеяларын қорғау міндеттерін орындады. Бұл жолы чемпионатқа 30-дан астам мемлекеттен 500-ден аса команда қатысып, 12 000-нан астам жас зияткер бір алаңда бас қосты. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға күрделі техникалық және шығармашылық сынақтар ұсынылды.
Қазақстанның намысын қорғаған командалар жарыстың барлық кезеңдерінде жоғары білім деңгейін, табандылық пен заманауи инженерлік шешімдерді ұсыну арқылы бәсекеге қабілетті екендіктерін дәлелдеді. Әсіресе, Шымкент қаласындағы №149 мектептің Yassi командасы үздіктер қатарынан көрінді.
Олар чемпионатта екі бірдей маңызды номинация бойынша марапатқа ие болды:
- Core Values Award – команда мүшелерінің бір-біріне деген құрметі, әділдік, жауапкершілік және бірлесе жұмыс істеу мәдениеті үшін берілетін марапат. Бұл жүлде тек техникалық шеберлікке ғана емес, адамгершілік құндылықтарға да ерекше мән берілетінін көрсетеді.
- Engineering Excellence Award – инженерлік есептеулердің нақтылығы, робот конструкциясының тұрақтылығы мен тиімділігі, инновациялық шешімдер мен жүйелі тәсіл үшін табысталады.
Айта кету керек, Yassi командасының бұл жетістігі – елімізде іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының тиімділігінің нақты дәлелі. Аталған жоба аясында ашылған мектептер оқушылардың XXI ғасыр дағдыларын меңгеруіне, заманауи білім беру технологияларын игеруіне және халықаралық деңгейдегі жарыстарда бәсекеге қабілетті болуына толық мүмкіндік беріп отыр.
