Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту — қазіргі еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлаудың негізгі тетігі болып отыр. Бұл бағытта барлық өңірлерде, соның ішінде Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың саны 40 колледжді құрады. Жаңа оқу жылына 70 мамандық бойынша 8 000 талапкер мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде қабылданды. Бұл көрсеткіш өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлауға деген жоғары сұранысты көрсетеді.
Бөлінген орындардың басым бөлігі техникалық бағыттарға тиесілі – 6 151 студент немесе 76%. Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтарға – 855 орын (11%), мәдениет және өнер саласына – 544 орын (7%), медицина мамандықтарына – 450 орын (6%) қарастырылған.
Білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапқан. 2024–2025 оқу жылында Шымкент қаласындағы 29 колледжге қарасты 35 жатақхана (оның ішінде 25-і өз меншігінде, 10-ы жалға алынған) 4 648 студентті қабылдады. Жатақханалардың жобалық қуаттылығы 6 217 орынды құрайды. Студенттердің негізгі бөлігі қала ішінен және көлік инфрақұрылымы дамыған жақын аудандардан болғандықтан, жатақхана тапшылығы байқалмайды.
Республикалық деңгейде Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Бұл трансформацияның басты элементтерінің бірі – колледждерге кәсіпорындардың шефтік қолдау көрсетуі болды. 2023 жылы ел бойынша колледждер мен бизнес құрылымдары арасында 498 келісім жасалған болса, бүгінде олардың саны 4 100-ден асты, яғни 8 есеге ұлғайды.
Бұл бастамаға ірі өндіріс орындарымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілері де белсенді қатысуда. Шефтік қолдау аясында колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар үшін өндірістік тағылымдамалар ұйымдастырылып отыр.
Департамент директоры Әсет Мұханбетовтың айтуынша:
«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бизнеспен әріптестік белсенді түрде нығайып келеді. Жұмыс берушілер 8 мыңнан астам білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Сонымен қатар, оқу кабинеттері мен зертханалар кезең-кезеңімен жаңартылуда», – деп атап өтті ол.
Бүгінгі таңда республика бойынша 100 мыңнан астам студент дуальды оқыту жүйесімен білім алып жатыр. Олардың 40 мыңнан астамы нақты кәсіпорындардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 15 мыңы – 2025–2026 оқу жылында жаңадан қабылданғандар. Бұл – кәсіби білім беру мен өндіріс арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.
Саланы дамытудың басты нәтижелерінің бірі – түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткішінің артуы. 2024 жылы республика бойынша колледж түлектерінің 81%-ы жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін дәлелдейді.
Осылайша, Шымкент қаласы республикадағы кәсіби білім беру жүйесінің дамуына өз үлесін қосып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауда алдыңғы қатарда келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.
