Қазіргі білім беру жүйесінің басты талаптарының бірі – педагог кадрлардың кәсібилігі мен икемділігін арттыру. Осы бағытта үшінші мегаполистегі ZHANIBEKOV UNIVERSITY қабырғасында педагогикалық қайта даярлау бағдарламасының жаңа легі өз жұмысын бастады.
Іс-шараның ресми ашылу салтанатына университеттің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жамбол Жылбаев қатысып, тыңдаушылармен арнайы жүздесті. Өз сөзінде проректор курстың білім беру саласындағы адами капиталды жаңғыртудағы маңыздылығын атап өтіп, болашақ педагогтарға бәсекеге қабілеттілік, цифрлық құзыреттілік, педагогикалық рефлексия сынды заманауи құндылықтарды меңгерудің маңызын жеткізді.
Бағдарламаның ерекшеліктері:
– Курстың ұзақтығы – 6 ай;
– Теориялық модульдер мен практикалық сабақтар синхронды түрде жүргізіледі;
– Білім беру процесі оқыту технологиялары, білімді цифрландыру, құзыреттілік тәсіл негізінде ұйымдастырылады.
Аталған бағдарлама педагогикалық білімі жоқ, алайда мектепте сабақ беруге қызығушылық танытқан жоғары білімді азаматтарға арналған. Бұл – кәсіби қайта бағытталуға, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік беретін жаңа форматтағы білім беру шешімі.
Проректор өз сөзінде тыңдаушылардың осы курсты таңдау арқылы жауапты миссияны мойнына алғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, кәсіби педагог болу жолындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тілеп, университет ұжымы тарапынан барлық қажетті академиялық, әдістемелік және психологиялық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бағдарлама мазмұнына келесідей модульдер енгізілген:
– Педагогиканың заманауи парадигмалары;
– Пәнді оқыту әдістемесі (таңдаған бағыт бойынша);
– Білім берудегі цифрлық ресурстар мен EdTech құралдары;
– Инклюзивті білім беру негіздері;
– Құқықтық-этикалық нормалар және кәсіби этика;
– Мектептегі құжат айналымы және басқару процестері.
Бұған дейінгі оқу жылында бұл бағдарламаны 33 тыңдаушы табысты аяқтап, қазіргі таңда үшінші мегаполистегі білім беру мекемелерінде табысты еңбек етуде. Олар өз саласына заманауи әдіснама мен білім беру технологияларын енгізіп, мектеп трансформациясы мен білім сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
ZHANIBEKOV UNIVERSITY еліміздің білім беру жүйесіне жаңа форматтағы кәсіби кадрлар даярлауды басты миссияларының бірі ретінде қарастырады. Университет тарапынан білім алушыларға менторлық қолдау, практикалық базаға шығу, цифрлық оқыту платформаларына қолжетімділік сынды барлық жағдай жасалған.
