Жаһандану үдерісі білім мен ғылым саласындағы шекараларды жойып, жоғары білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Осы бағытта Жәнібеков университеті стратегиялық әріптестік орнату, халықаралық академиялық байланыстарды тереңдету және зерттеу әлеуетін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Сиянь шеттілдер университетінің (Xi’an International Studies University) профессоры, PhD Хоу Джианбоның университетке ресми сапары болды.
Шетелдік сарапшыны Басқарма төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев қабылдап, халықаралық деңгейдегі ғылыми-академиялық ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Кездесу барысында тараптар жоғары білім берудегі трансұлттық тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру, қос дипломды білім беру, бірлескен ғылыми зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлық пен ғылыми кадрлармен алмасу мәселелерін кеңінен талқылады.
PhD Хоу Джианбо «Ағылшын тілі» және «Шетел тілдері және аударма ісі» кафедраларында дәріс оқып, жаһандық тілдік білім беру трендтері мен педагогикалық инновациялар аясында семинарлар мен практикалық сабақтар өткізеді. Ғалымның академиялық қызметі халықаралық стандарттарға сай кәсіби құзыреттілік пен зерттеушілік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, профессор білім алушылар мен жас зерттеушілерге ғылыми жобалау, академиялық жазылым (academic writing), зерттеу әдістемесі (research methodology), деректерді интерпретациялау және peer-reviewed журналдарда жариялану стратегиялары бойынша кеңес береді.
Сапар аясында өткізілетін кездесулер мен мастер-кластар студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми ортаға енуіне, академиялық ағылшын тілін кәсіби деңгейде меңгеруіне, ғылыми көзқарасы мен сыни ойлау қабілетін дамытуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде университеттің зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртып, ғылыми өнімділікті арттыруға, сондай-ақ халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайтуға негіз болады.
Профессор Хоу Джианбоның академиялық тәжірибесі – лингвистика, шет тілі педагогикасы, аударматану және мәдениаралық коммуникация салаларындағы заманауи ғылыми тәсілдерді қолданудың жарқын үлгісі. Оның қатысуымен жүзеге асатын ғылыми және әдістемелік жұмыстар Жәнібеков университетінің білім беру экожүйесінде сапалы трансформация жасауға ықпал етеді.
Жәнібеков университеті білім беру мен ғылымның заманауи талаптарына сай дами отырып, халықаралық әріптестік байланыстарды кеңейту арқылы білім алушылар мен зерттеушілерге әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуға жол ашуды жалғастырады. Университет үшін бұл сапар тек қана академиялық тәжірибе алмасу емес, сонымен бірге жаңа ғылыми бастамалардың, ортақ құндылықтар мен креативті идеялардың алаңы болмақ.