Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы 2025–2026 оқу жылында резидентураға қабылданған 140 жас маманға арналған салтанатты жиын ұйымдастырды. Жаңа оқу кезеңінің ресми ашылуы академия ұжымы үшін ғана емес, сонымен қатар еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін де маңызды кәсіби оқиға ретінде өтті. Бұл шара – медицина саласындағы болашақ жоғары білікті кадрлардың кәсіби жолының бастау нүктесі саналады.
Салтанатты жиында академияның академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, PhD Мария Уласбекқызы Анартaeва қатысушыларды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтап, резиденттік бағдарламаның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде:
«Медицина – үздіксіз кәсіби даму мен жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Академиямызда дәлелді медицинаға негізделген оқыту әдістемелері мен халықаралық стандарттарға сай білім беру экожүйесі қалыптасқан. Жас мамандарға барлық қажетті академиялық, клиникалық және ғылыми ресурстар қолжетімді. Біз сіздерге тек кәсіби білім емес, сонымен қатар адами және этикалық құндылықтарды сіңіруге мүмкіндік береміз», – деп атап өтті.
Жиын барысында резидентура факультетінің деканы Гүлмира Бектенова білім алушыларға ішкі тәртіп регламенті, оқу процесінің академиялық талаптары, клиникалық практика құрылымы және оқу жетістіктерін бағалау жүйесі туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, резиденттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы, шетелдік серіктес клиникалармен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша ақпарат ұсынылды.
ОҚМА-да резидентураға ерекше стратегиялық маңыз берілген. Бұл деңгейдегі білім беру – клиникалық ойлау қабілеті дамыған, дәлелді медицина принциптерін еркін меңгерген, дербес шешім қабылдай алатын жоғары деңгейлі дәрігерлерді қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта академияда көпфункционалды симуляциялық орталықтар, жоғары технологиялы зертханалар, виртуалды пациент платформалары, инновациялық клиникалық тренажерлер және электрондық оқыту ресурстары белсенді түрде қолданылады.
Академия жас мамандарды Шымкент мегаполисіндегі жетекші емдеу мекемелерімен бірлесіп даярлайды. Бұл клиникалық ортада нақты медициналық жағдайлармен жұмыс істеу, тәжірибелік машықтарды жетілдіру және көпсалалы медициналық топтармен өзара әрекеттесу қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы денсаулық сақтау жүйесінің трансформациясы жағдайында жаңа буын мамандарын дайындауда тұрақты ғылыми-инновациялық тәсілдерге, интернационалданған білім беру модельдеріне және практикамен интеграцияланған оқыту форматтарына ерекше назар аударады.
Резидент дәрігерлер – болашақта еліміздің және бүкіл өңірдің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі кадрлық ресурстар. Академия ұжымы олардың кәсіби қалыптасуына, клиникалық дербестігіне және ғылыми әлеуетінің артуына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.