Ұлттық домбыра күніне орай Қазығұрт ауданы әкімдігі мен «Әділет» партиясы жастарының ұйымдастыруымен Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенінде ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтауға арналған шараға 100-ге жуық жас өнерпаз қатысып, көрермендерге күмбірлеген күйлер мен ұлттық билерден тағылымды концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік кешке аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, қазақтың төл өнеріне құрмет көрсетті.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – жас домбырашылардың бір мезетте күй орындауы болды. Бірнеше домбыраның үні қатар шырқалған ерекше көрініс көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін айшықтады.

Шараның басты мақсаты – домбыраның ұлттық мәдениетіміздегі айрықша орнын дәріптеу, жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, қазақтың бай рухани мұрасын кеңінен насихаттау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени іс-шаралар ұлттық өнерді дәріптеумен қатар, жастардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып, елдік құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді.
