2025 жылғы 3 қыркүйекте Tashenev University қабырғасында Білім күні мен жаңа оқу жылының ресми ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күн – тек академиялық маусымның басталуы ғана емес, студенттік өмірге алғашқы қадам жасаған мыңдаған талапкер үшін тарихи әрі ерекше сәтке айналды.
Салтанатты жиын барысында университеттің шығармашылық ұжымы – «Шамсинур» би ансамблі мен «Баян сұлу» триосы өнер көрсетіп, студенттер мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Академиялық сахна төрінде профессорлық-оқытушылар құрамының үздік өкілдері мен әкімшілік қызметкерлері марапатталып, докторантураға түскен әріптестердің ғылыми жетістіктері ерекше атап өтілді.
Іс-шараның басты акценті – бірінші курс студенттеріне білім кілті мен студенттік билеттерді салтанатты түрде табыстау болды. Бұл – білімге деген адалдықтың, академиялық жауапкершіліктің және интеллектуалды өсуге деген ниеттің символы.
Университеттің басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облысының Құрметті азаматы Оңалбай Аяшев студенттерді құттықтай отырып, академиялық құндылықтарды баса айтты:
«Бүгін сіздер жаңа өмірлік кезеңге қадам басып отырсыздар – Tashenev University үлкен отбасының бір бөлшегіне айналдыңыздар. Біздің университет – білім, ғылым мен руханият синергиясының ордасы. Біз сіздердің кәсіби және тұлғалық дамуларыңыз үшін барлық жағдайды жасаймыз».
Университеттің институционалдық дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар қызметкерлер салалық басқарушылық және академиялық тиімділігі үшін марапатталды. Олардың қатарында шаруашылық мәселелер жөніндегі департамент директоры, оқу ғимаратының администраторы, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, сондай-ақ ғылыми орталық жетекшілері бар. Бұл марапаттар – ұжымдық нәтижеге негізделген басқару моделінің көрсеткіші.
Биыл университетке 2223 студент қабылданды, оның ішінде 155 мемлекеттік грант иегері және университет тарапынан тағайындалатын «Тәшенев тартуы» ішкі грантының жеңімпаздары бар. Бұл бастама – инклюзивті білім беру, әлеуметтік әділеттілік және академиялық қолжетімділік қағидаттарына негізделген институционалдық стратегияның бір бөлігі.
Ішкі грант иегерлерінің бірі, «Шетел тілі» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Сымбат Тұрлыбек өз пікірін білдірді:
«Tashenev University-де оқу – мен үшін үлкен арманның орындалуы. Бұл грант маған тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар үлкен сенім артты. Университеттің үмітін ақтау – менің басты мақсатым».
Мерекелік жиын соңында халықаралық байқаулардың лауреаты, «Х-фактор» жобасының жеңімпазы Астана Қарғабай орындаған «Көк тудың желбірегені» әні шараның рухын асқақтатып, патриоттық сезімді күшейтті.