1 қыркүйек – Білім күніне орай Шымкент қаласында цифрлық трансформация мен инновациялық инфрақұрылым негізінде бой көтерген жаңа буын мектебі пайдалануға берілді. «Келешек мектебі» жобасы шеңберінде іске қосылған заманауи білім беру нысаны Таскен тұрғын алабында орналасқан. 1500 оқушыға арналған білім мекемесінің ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа оқу жылының басталуымен оқушыларды, ата-аналарды және ұстаздарды құттықтады.
Жаңа білім кеңістігі оқу процесін цифрландыру мен педагогикалық әдістерді жаңғырту бағытында жобаланған. Мектеп интербелсенді тақталармен, IT және STEM бағытындағы зертханалармен, жоғары сапалы интернет желісімен, қауіпсіздік жүйелерімен, мультимедиалық контентке бейімделген оқу кабинеттерімен толық жабдықталған. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру моделін енгізу мақсатында ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған бейімделген сыныптар мен қолдау кабинеттері қарастырылған.
Спорт инфрақұрылымы да қазіргі талаптарға сай қайта ойластырылып, оқушылардың физикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Кең әрі заманауи спорт залы, ашық спорт алаңдары мен дене шынықтыру кеңістіктері оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Бұған қоса, мектеп ішінде толық жабдықталған медициналық пункт және қауіпсіздік талаптарына сай бейнебақылау жүйелері орнатылған.
Шаһар басшысы өз сөзінде мегаполис көлемінде іске асырылып жатқан білім беру жүйесін жаңғырту бастамаларының маңыздылығына тоқталып, «Келешек мектебі» жобасының баланың жеке қабілетін ашуға, функционалдық сауаттылығын арттыруға және білім беру сапасын халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталғанын атап өтті. Ол сондай-ақ, сапалы білімге қолжетімділік – қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен адами капиталын дамытудың маңызды факторларының бірі екенін жеткізді.
Атап өтейік, 2025-2026 жаңа оқу жылында Шымкент қаласының 1352 білім беру ұйымында 397 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 28 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Бұл көрсеткіштер мегаполис аясындағы демографиялық өсім мен білім инфрақұрылымына деген сұраныстың артып келе жатқанын білдіреді.
«Келешек мектебі» жобасы – Шымкент қаласында білім беру сапасын арттыруға бағытталған кешенді стратегиялық бағдарлама. Осы күнге дейін аталған бастама аясында қалада 11 инновациялық мектеп іске қосылып, жаңа білім беру стандарттарының негізі қаланды. Жаңа мектептердің ашылуы қаланың білім беру жүйесін дамытудың келесі деңгейіне өтуіне, оқушылар мен педагогтерге тиімді оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Шымкентте білім беру саласы цифрлық педагогика, жеке білім беру траекториясы, жасанды интеллект элементтерін оқу үдерісіне енгізу сынды өзекті трендтерді қамтып отыр. Жаңа мектептердің жобалануы мен құрылысында жаһандық урбанистика мен білім беру архитектурасының үздік тәжірибелері ескерілген. Бұл өз кезегінде қаланың зияткерлік әлеуетін арттыруға және адами ресурсты тиімді қалыптастыруға серпін бермек.