Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен жастарға жоғары білім алуға мүмкіндік беру мақсатында жергілікті бюджет есебінен қосымша білім гранттарын бөлуге арналған конкурс жарияланды. Бұл шешім Шымкент қаласы әкімінің өкіміне сәйкес құрылған жоғары білім алуға арналған жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттарды орналастыру жөніндегі комиссия шешімінің негізінде қабылданды. Бұған дейін, 2025 жылғы 15 шілдеде өткен комиссия отырысында 25 білім беру бағдарламасы бойынша 285 гранттық орын алты жоғары оқу орнына үлестірілген болатын. Гранттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына бөлінді.
14–20 тамыз аралығында жүргізілген өтінім қабылдау нәтижесінде комиссия шешімімен 207 талапкер Шымкент қаласы әкімдігінің білім грантына ие болды. Бұл көрсеткіш – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және білімге ұмтылған жастардың белсенділігін айқын көрсетеді. Алайда, қала түлектері арасында кейбір мамандықтар бойынша сұраныстың төмен болуына байланысты 78 бос гранттық орын игерілмей қалды. Осыған байланысты комиссия шешімімен қосымша конкурс жарияланып отыр. Ендігі кезеңде бұл конкурсқа тек Шымкент қаласының ғана емес, еліміздің кез келген өңірінен жоғары оқу орнына түсе алмай қалған талапкерлер қатыса алады.
Қосымша конкурсқа қатысатын үміткерлерге қойылатын басты талаптардың бірі – білім гранты иегері атанған соң жоғары оқу орнын бітіріп шыққаннан кейін Шымкент қаласында кемінде үш жыл еңбек ету міндеттемесі. Бұл шарт – қаланың кадрлық әлеуетін арттыруға, жас мамандарды өңірде тұрақты еңбек етуге ынталандыруға бағытталған маңызды тетік болып табылады.
Конкурс 2025 жылғы 27–28 тамыз күндері өткізіледі. Бұл уақыт аралығында талапкерлер тиісті құжаттарын тапсырып, конкурстық іріктеуге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Өтінімдер қабылданатын жоғары оқу орындарының тізімі төмендегідей:
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 40 бос гранттық орын;
Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 20 орын;
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – 8 орын;
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – 10 орын.
Осы жоғары оқу орындарына бөлінген гранттар нақты білім беру бағдарламалары мен кадр тапшылығы бар салаларға бағытталған. Атап айтқанда, педагогика, инженерия, өнер, дінтану сияқты бағыттардағы мамандықтарға ерекше басымдық беріліп отыр.
Қосымша конкурс – бұл тек білім алуға мүмкіндік қана емес, сонымен қатар жастарға өз болашағын жоспарлауға, әлеуметтік жауапкершілік алуға, ел дамуына үлес қосуға жасалып отырған нақты қолдау. Сондықтан, еліміздің әр өңіріндегі талапкерлер бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білікті маман болуға бағытталған алғашқы нақты қадамын жасай алады.
Шымкент қаласы әкімдігі жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, кәсіби тұрғыдан дамуына қолдау көрсету және өңірдің кадрлық резервін нығайту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.