Түркістан қаласындағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Түнгі кітапхана» жобасының қорытынды кеші аясында ақын Сайлаухан Жолановтың «Шағала шабыт – теңіз жыр» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері ұйымдастырылды. Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Әмірбекұлы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы, сондай-ақ әдебиет, өнер және журналистика саласының көрнекті өкілдері қатысты.
Жиын барысында министрлік пен облыстық басқарма өкілдері жобаның маңыздылығына тоқталып, оқырман мен қаламгерді жақындататын, әдебиет пен мәдениетті дәріптеуге бағытталған іс-шараның құндылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Түріксой» жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Фолиант» баспасы президентінің кеңесшісі Дәулеткерей Кәпұлы, «Түріксой» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ақын, жазушы, драматург, айтыс ақыны, жыршы, жырау, манасшы Баянғали Әлімжанов, «Фолиант» баспасының президенті Нұрлан Исабеков, Қазақстанның құрметті журналисі Роза Нарымбетова, журналист Ғалымжан Елшібай, сазгер, ұстаз Бекжігіт Сердәлі және өзге зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылығына деген ыстық лебіздерін жеткізді.
Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдазым модераторлық қызмет атқарып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық дамуы, жыр жинағының ерекшеліктері жөнінде жан-жақты баяндады. Қатысушылар Сайлаухан Жолановтың жырларының терең философиялық мәнін, лирикалық шеберлігін және ұлттық рухты дәріптеу қасиетін жоғары бағалады.
Тұсаукесер барысында ақын өзінің алғашқы жинағына қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, оқырманға шығармашылық жолындағы шабыт көздері мен жазу ерекшеліктерін айтып берді. Жиынға келген әдебиетсүйер қауым ақынның өлеңдерінен үзінділерді тыңдап, қаламгермен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жыр жинағының тұсаукесері қатысушыларға кітапты бірінші болып қолға алу және автордың қолтаңбасын алу мүмкіндігін сыйлады.
«Түнгі кітапхана» жобасы – оқырман мен қаламгер арасындағы рухани көпір ретінде ерекше мәнге ие. Бұл шара әдеби ортадағы жас қаламгерлерге шабыт беріп, әдеби шығармашылыққа қызығушылықты арттыруға, жастарды поэзия мен ұлттық мәдениетке тартуға бағытталған. Шара соңында әдеби кеш мәдени бағдарламаға ұласып, қатысушыларға шағын концерттік көріністер мен ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу ұсынылды.
Сайлаухан Жолановтың тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері – Түркістан қаласында әдеби өмірді жандандырып, қаламгер мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға арналған елеулі шара ретінде есте қалды. Жобаның сәттілігі оның алдағы уақытта да жалғасын табуына мүмкіндік береді, жаңа шығармашылық бастамаларды ынталандырады және поэзияға деген қызығушылықты арттырады.
