Жаңалықтар

ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАДА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: СТУДЕНТТЕРГЕ «ЖӘНІБЕКОВТАНУ» ПӘНІ ОҚЫТЫЛА БАСТАДЫ<

Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының асыл тірегі Өзбекәлі Жәнібековтің туған күніне орай тағылымы терең іс-шара өтті. Бұл — тұлға мұрасын дәріптеп, келешек ұрпақ санасына сіңіру жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі.

Іс-шара аясында университет ғимаратына орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, оқу орнының медиаорталығы әзірлеген «Ойтолғақ» атты деректі фильм көрсетілді. Фильм арқылы қатысушылар Жәнібековтің өмір жолы мен еңбегіне тағы бір мәрте терең үңілуге мүмкіндік алды. Кеш барысында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек қоғам қайраткерінің ұлттық мәдени мұраларды жаңғыртудағы ерен еңбегіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары осы тұлғаның бастамасымен қолға алынып, өзі сол істің алғы шебінде жүрген. Бастамашы болуымен қатар, шынайы іске кірісіп, қара жұмыстан да қашпаған азаматтығы — нағыз ел жанашырының болмысын көрсетеді.

Шара барысында Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серім мен інісі Нұржан Серімов те сөз алып, ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның шынайы мінез-құлқы мен кісілік қасиеттерін еске алды. Олар Жәнібековтің ешқашан өз еңбегін жарнамалауға тырыспағанын, керісінше үнсіз атқарып кеткен істерін бүгінгі таңда басқалар өзіне теліп жүргеніне қынжылыс білдірді. Айғаным апай өзінің ұзақ жылдар бойы тұлғаның өмірі мен қызметін жастар арасында кеңінен насихаттап келе жатқанын атап өтіп, бұл бағытта тоқтаусыз еңбек ету — азаматтық парызы екенін айтты.

Университеттің Басқарма мүшесі, Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек іс-шараны жүргізіп, оқу орнында атқарылып жатқан бағытты жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде университет жанынан құрылған Өзбекәлі Жәнібеков орталығы кешенді түрде жұмыс істеп, тұлға мұраларын жинақтау, туыстарымен байланыс орнату, ғылыми бағытта жүйелеу және жастарға таныстыру сынды жұмыстарды үздіксіз жүргізуде. Сонымен қатар, Жәнібековтің есімімен аталған дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, жас ақындар айтысы сынды рухани шаралар тұрақты өтіп келеді.

Университетте атқарылып жатқан ең елеулі жаңалықтың бірі — «Жәнібековтану» пәнінің оқу бағдарламасына енгізілуі. Бұл пән болашақ мұғалімдер мен зиялы қауым өкілдерін тәрбиелеуде рухани сабақтастықты нығайтып, тарихи сана қалыптастыруға бағытталған ерекше бастама болып отыр. Пәнді әзірлеп, ғылыми әдістемелік негізін қалыптастырған профессор міндетін атқарушы Бекмұрат Найманбаев пен Баршагүл Қашқынқызы қазіргі уақытта осы бағытта ғылыми зерттеу жүргізіп жатқан екі докторанттың жетекшілері ретінде де белсенді еңбек етуде.

Қатысты жаңалықтар

БІЛІММЕН ӨРЛЕГЕН БИІК ЖОЛ: №9 МЕКТЕПТІҢ ҮЗДІК ОҚУШЫЛАРЫ

bastynews

🧾 2026 ЖЫЛДАН БАСТАП САЛЫҚ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

bastynews

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ДАУЫС БЕРДІ

Bastynews