Басты жаңалықтар

МЕГАПОЛИСТЕГІ ҮМІТ ПЕН МҮМКІНДІК: ШЫМКЕНТТЕГІ ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢГЕН БАЛАЛАР – ТОЛЫҚТАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ АТАНДЫ

Шымкент қаласында балаларды қолдау мен әлеуметтендіру саласындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді. Әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетіп, олардың білім алуына, мамандық игеруіне жол ашатын орталықтардың рөлі айрықша. Бұл ретте Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты “Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы” тәрбиеленушілерінің жетістігі – тек бір мекеменің емес, тұтас қаланың әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін маңызды көрсеткіш.

2025–2026 оқу жылына арналған жоғары білім беру гранттарын тағайындау науқаны орталық ұжымы мен тәрбиеленушілері үшін үлкен қуанышпен басталды. Биылғы жылы аталмыш орталықты бітірген 10 түлектің барлығы да мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алып, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша білімін жалғастыруда.

Бұл – оңайлықпен келген нәтиже емес. Себебі, аталған орталықта тәрбиеленіп жатқан балалардың басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жатады. Жетім қалған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өмірлік қиын жағдайға тап болған бұл жасөспірімдердің тағдырына бейжай қарамай, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсету, педагогтер мен тәрбиешілердің кәсіби жұмысы, сондай-ақ балалардың өз ішкі табандылығы мен еңбекқорлығы осындай нәтижеге қол жеткізді.

2024 жылы осы орталықты тәмамдаған 5 түлектің 4-еуі ғана грантқа ие болса, биылғы 100% көрсеткіш – бұл тек сандық емес, сапалық өсімнің де көрінісі. Бұл – мегаполис деңгейіндегі білім беру жүйесінің инклюзивтілігі мен тиімділігінің тағы бір дәлелі.

Барлық түлектің “Дене шынықтыру және спорт” бағытын таңдауы – кездейсоқтық емес. Бұл сала олар үшін өзін-өзі табу, денсаулығын нығайту, болашақта өздері секілді балаларға үлгі болу жолы. Жас түлектер тек мамандық таңдап қойған жоқ, өз өмір жолындағы жаңа парақты ашты.

Аталған мамандық бүгінгі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие. Сонымен қатар, олар тек кәсіби спортшы немесе жаттықтырушы ғана емес, болашақта тәрбиеші, педагог ретінде жұмыс істеп, өз орталарында әлеуметтік көшбасшы болуға мүмкіндік алады.

Бұл нәтижеге жету жолында Шымкент қаласының әкімдігі, білім басқармасы және жоғары оқу орындарының өзара тиімді әріптестігі үлкен рөл атқарды. Түлектердің емтиханға дайындығы, құжат тапсыру процесі, бағдар беру шаралары – барлығы жоспарлы түрде, жүйелі жүргізілді.

Қала басшылығының тапсырмасымен әлеуметтік осал топтағы балалардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату, “жеке білім беру траекториясын” құру — бүгінде нақты нәтиже беріп отырған бағыттар.

Ғани Бейсембаев бастаған Оқу-ағарту министрлігі соңғы жылдары инклюзивті білім беру саясатын нығайтып, әр балаға тең мүмкіндік беруге басымдық беріп келеді. Шымкенттегі бұл оқиға – сол саясаттың жемісі.

Қатысты жаңалықтар

Қазақстанға түбі АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауға тура келеді

Bastynews

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы

bastynews

ШЫМКЕНТТЕ ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР АДАМДАРДЫҢ ДАУЫС БЕРУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

bastynews