Қазіргі заманда еңбек нарығының сұранысына сай сапалы маман даярлау – еліміздің білім беру саясатының стратегиялық басымдығы. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жүктелетін міндет те, жауапкершілік те артып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіби білім беру жүйесі жаңа мазмұнмен және заманауи инфрақұрылыммен жаңарып келеді. Осындай өзгерістердің нақты көрінісін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шырайлы Шымкенттегі аграрлық-техникалық колледжге жасаған сапары барысында атап өтті.
2025 жылғы 23 тамызда министрдің Шымқалаға жұмыс сапары барысында ол Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне арнайы ат басын бұрып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің даму барысымен танысты.
Сапар барысында Ғани Бейсембаев оқу орнының материалдық-техникалық базасын, жаңа оқу зертханаларын, шеберханалар мен симуляциялық оқу алаңдарын аралап көрді. Министрге колледждегі агротехнология, механика, ветеринария, энергия жүйелері, құрылыс және көлік салалары бойынша жүргізіліп жатқан кәсіби дайындық барысы таныстырылды.
Аталған колледжде бүгінде 2300-ге жуық студент 14 мамандық бойынша білім алуда. Олардың көпшілігі — еңбек нарығында сұранысқа ие, қолданбалы бағыттағы техникалық салаларды меңгеріп жатқан жастар. Оқу орнында тәжірибеге негізделген дуальді білім беру жүйесі, өндірістік серіктестік және жобалық оқыту форматы белсенді түрде енгізіліп келеді.
Министр оқу кабинеттерінің заманауи жабдықталуына, инновациялық оқыту әдістерінің қолданылуына және тәжірибеге бағытталған дайындық моделіне оң баға берді.
Еңбек нарығы мен колледж – өзара тығыз байланыс
Министр Ғани Бейсембаев колледж ұжымымен кездесу кезінде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда кәсіби мамандардың тапшылығы – ұлттық экономика үшін елеулі мәселе. Сондықтан білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің серіктестігі, «оқудан – өндіріске» дейінгі үздіксіз байланыс басты назарда болуы тиіс.
— Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары – Қазақстанның индустриялық болашағын қалыптастыратын негізгі құрылым. Оқу процесі еңбек нарығына сай бейімделіп, білім алушылардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне нақты мүмкіндік жасауы тиіс, – деді министр.
Осы орайда, колледжде өңірлік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылып, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша білім беру бағдарламалары жаңартылған. Колледж түлектерінің 80%-дан астамы оқу аяқтағаннан кейін бірден еңбек нарығына араласып, түрлі өндіріс орындарында жұмысқа орналасуда.
Сапар барысында министр колледждің 2025–2026 оқу жылына дайындығын бағамдады. Жаңа оқу жылында оқу ордасы оқу-өндірістік шеберханаларды жаңғыртып, сандық білім беру платформаларын кеңінен енгізуді көздеп отыр. Сонымен қатар, халықаралық серіктестік негізінде шетелдік колледждермен тәжірибе алмасу бағдарламалары, студенттік жобалар байқаулары және WorldSkills чемпионаттарына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласы – демографиялық өсімі жоғары, еңбекке қабілетті жастардың үлесі басым мегаполис. Мұнда техникалық және қолданбалы бағыттағы оқу орындарын дамыту — бүкіл өңірдің экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан Шымқаладағы осындай заманауи колледждердің дамуы — ел болашағына бағытталған тың серпіннің көрінісі.