Ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ: САПАЛЫ БІЛІМ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ӘДІЛ ҚОҒАМ ТӘРБИЕСІ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАР ҚАТАРЫНДА

Шымкент қаласында жаңа 2025–2026 оқу жылына арналған бірыңғай қалалық педагогикалық кеңес сәтті өтті. «Білім беру ұйымдарының 2025–2026 оқу жылындағы білім беру саясаты мен басымдықтары» атты ауқымды іс-шараға 30 мыңға жуық педагог қатысты. Кеңес қаланың 355 мемлекеттік және жекеменшік мектебінде бір мезетте онлайн форматта ұйымдастырылды. Бұл — білім саласындағы цифрландыру мен бірізділікті тиімді үйлестірген тың тәжірибе.

Кеңесті Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова ашып, жаңа оқу жылындағы негізгі бағыттар мен міндеттерге тоқталды. Педагогикалық кеңеске еліміздің білім беру саласындағы жетекші сарапшылар да арнайы қатысты. Олардың қатарында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенттері А. Танирбергенова мен Р. Белгибаев, Дидактика орталығының меңгерушісі А. Дюсенбаева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Мейірқұлова және білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Р.С. Әліш болды.

Кеңестің І бөлімінде жаңа оқу жылына арналған стратегиялық бағыттар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда:

  • оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың жаңаша тәсілдері;
  • жас ұрпаққа әділеттілік пен адалдықты ұлықтайтын «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының мазмұны;
  • жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің тетіктері;
  • педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы мен әдістемелік қолдаудың жаңа формалары.

Бұл тақырыптар бойынша Ұлттық білім академиясы мен «Өрлеу» институтының өкілдері мазмұнды таныстырылымдар өткізіп, алдағы оқу жылына қойылатын нақты мақсат-міндеттерді айқындады. Жиын соңында басқарма басшысы жаңа оқу жылы қарсаңында оқу процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған шешімдерді жариялады.

ІІ бөлім офлайн форматта жалғасып, білім беру ұйымдарының басшылары жылдық жоспарларды бекітті. Сонымен қатар ұйымдастырушылық және шаруашылық мәселелер бойынша кеңесіп, тәжірибе алмасты. Мектептердің құқықтық тәртібі мен заңнамалық талаптарға сәйкестігі жайлы «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қ.К. Тілеубердіұлы мазмұнды баяндама жасады.

Кеңесті қорытындылаған Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова педагогикалық ұжымдарға жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын нақты тапсырмаларды тапсырды. Ол білім сапасын арттыру, оқушының тұлғалық дамуын жетілдіру, академиялық адалдықты нығайту және педагог беделін көтеру сынды негізгі басымдықтарды ерекше атап өтті.

Қатысты жаңалықтар

В Шымкенте члены АНК поддержали 532 школьника в рамках акции «Дорога в школу»

bastynews

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ӨМІР СҮРУ ТӘСІЛІ

bastynews

№20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДАҒЫ ТАБЫСТАР БЕСІГІ

bastynews