Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда қалада барлығы 42 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 12-сі мемлекеттік, 30-ы жекеменшік. Бұл білім ордалары жастарға сұранысқа ие 70 түрлі мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік беруде. Қала колледждерінде бүгінде 49780 студент оқып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген 8000 білім беру грантына 7613 өтініш келіп түсті. Бұл көрсеткіш жастардың техникалық және кәсіптік білім алуға деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Студенттердің оқу барысындағы әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта 29 колледж студенттерге арналған жатақханамен қамтамасыз етілген. Қала бойынша жалпы саны 35 жатақхана жұмыс істейді. Оның 25-і колледждердің меншігінде болса, қалған 10-ы жалға алынған. Бұл жатақханаларда 4648 студент тұрып жатыр. Жалпы жатақханалардың жобалық қуаттылығы 6217 орынды құрайды. Демек, жатақхана тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы бастама аясында Шымкент қаласында да нақты жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, арнайы жол картасы әзірленіп, өңірлік жаңа мамандықтар атласы дайындалды. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес үш жаңа мамандық бойынша лицензиялар берілді. Олар: логистика, аяқкиім өндірісі және киім дизайны.
Бұл бастамалар студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға, дуалды оқытуды кеңінен енгізуге ықпал етуде. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тек теориямен шектелмей, тәжірибеге негізделген біліммен толықтырылуда. Бұл өз кезегінде жұмысшы кадрлардың кәсіби дайындығын арттырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.
Шымкент қаласында атқарылып жатқан бұл жұмыстар жастардың сапалы білім алуына, кәсіби тұрғыда дамуына және тұрақты жұмыс табуына берік негіз болары сөзсіз. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, жатақхана инфрақұрылымын жетілдіру, мемлекеттік грант санын ұлғайту – білім саласын дамытудағы нақты әрі нәтижелі қадамдар.
Жастардың техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Бұл – қоғамның дамуы мен экономиканың тұрақты өсуі үшін аса маңызды фактор. Шымкент қаласындағы білім беру жүйесінің осылайша жаңғырып, заман талабына сай дамуы – ел болашағына салынған берік іргетас екені даусыз.
