Шымкент қаласындағы №2 «Білім-инновация» қыздарға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Даяна Тұлқұнова халықаралық білім беру кеңістігінде зор жетістікке қол жеткізді. Жас талант сегіз бірдей әлемдік беделге ие жоғары оқу орындары мен білім беру мекемелерінен ресми шақырту алып, өзінің білім мен ғылымға деген қызығушылығы, табандылығы және үздіксіз еңбегінің нәтижесін көрсетті.
Даянаны қабылдауға дайын беделді оқу орындарының қатарында:
- The Chinese University of Hong Kong — әлемдік QS рейтингісінде 36-орында;
- Constructor University (Германия) — толық оқу гранты ұсынылды;
- SP Jain School of Global Management;
- Guangdong Medical University;
- Guangxi University of Electronic Technology (GUET);
- North China University of Science and Technology;
- Shandong University of Technology;
- H-Farm International School (Италия) — толық оқу грантымен қабылданды.
Бұл тізімнің өзі Даянаның халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Әр университет пен мектеп оны болашағы зор дарынды тұлға ретінде көріп отыр.
Ғылым мен жобалар саласындағы жетістіктеріне тоқталсақ, Даяна LaunchX және Lumiere Academy атты халықаралық ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысу үшін арнайы грант ұтып алды. Бұл бағдарлама аясында ол әлемнің үздік менторларымен бірге ғылыми жобалар әзірлеп, жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған идеялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, Даяна биология пәнінен ұйымдастырылған International Biology Olympiad (OCSO) олимпиадасының финалисі атанды. Ол IT саласында да белсенділік танытып, INFOMATRIX халықаралық олимпиадасында қола жүлде жеңіп алды. Бұл жетістіктерінің арқасында АУЭС және АЭТУ жоғары оқу орындарынан да білім грантын иеленді.
Даяна Тұлқұнованың жетістіктері тек біліммен шектелмейді. 2025 жылы ол Малайзияда өтетін World Economic and Leadership Forum халықаралық форумы аясында әлемнің болашағына әсер ете алатын жас көшбасшылардың қатарына қосылды. Форум ұйымдастырушылары оны әлемдік деңгейдегі ең перспективалы жас көшбасшылардың бірі ретінде арнайы шақыртумен марапаттады.
Даянаның табысы – тек жеке жеңіс емес. Бұл — Шымкент қаласының, үшінші мегаполисіміздің білім саласындағы әлеуетін дәлелдейтін нақты мысал. Оның жетістігі — барлық жас өрендерге, оқушылар мен педагогтерге шабыт сыйлайтын оқиға. Ол өз еңбегімен білім арқылы әлемнің есігін ашуға болатынын дәлелдеп отыр.
Даяна Тұлқұнова — жаңа буынның жарқын өкілі, ұлт болашағына сеніммен қарайтын, ғылым мен көшбасшылықты ұштастырған жас дарын. Үшінші мегаполистен шыққан осындай жастардың арқасында еліміздің білім мен ғылым саласындағы беделі артып келеді.
