ZHANIBEKOV UNIVERSITY-дің түрік тілін еркін меңгерген білім алушылары Түркия Республикасының Стамбул қаласындағы беделді жоғары оқу орындарының бірі — Ибн Халдун университетінде өткізілген “Түрік тілі мен мәдениеті” атты халықаралық жазғы мектепке қатысуда. Аталған білім беру бағдарламасы Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы мен Шетелдегі түріктер және туысқан қауымдастықтар ісі жөніндегі басқармасы (YTB) тарапынан ұйымдастырылды.
Бағдарлама шеңберінде университет студенттері түрік тілі бойынша тереңдетілген сабақтарға қатысып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды. Түркияның жетекші оқытушылары жүргізген тілдік курстар арқылы студенттер лексикалық қорын байытып, сөйлеу, тыңдалым, жазылым және оқылым дағдыларын дамытты. Сонымен қатар, қатысушылар түрік халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, тарихи-рухани құндылықтарымен жақын танысты.
Жазғы мектеп барысында студенттерге Стамбул қаласының әйгілі мәдени және тарихи орындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Олар әлемдік маңызы бар ескерткіштер — Аясофия мешіті, Сұлтанахмет мешіті, Топкапы сарайы мен Долмабахче сарайына барып, түрік тарихының әр кезеңіне саяхат жасап қайтты. Бұл нысандарда өткен танымдық экскурсиялар олардың тарихи-мәдени түсінігін тереңдетіп, түрік өркениетінің бай мұрасымен танысуына жол ашты.
Бағдарлама аясында Ибн Халдун университетінің профессор-оқытушылар құрамымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында халықаралық білім беру жүйесінің дамуы, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос дипломдық оқу мүмкіндіктері, сондай-ақ екіжақты ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Студенттер халықаралық академиялық жобаларға қатысу тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Сонымен қатар жазғы мектепке әлемнің әртүрлі елдерінен келген студенттер қатысып, өзара мәдени тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты. Түрлі елдің жастары арасында достық қарым-қатынас орнап, ортақ құндылықтар мен мәдени ұқсастықтар негізінде пікір алмасу жүзеге асты. Бұл өз кезегінде студенттердің коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларын жетілдіріп, жаһандық деңгейде ойлау көкжиегін кеңейтуге септігін тигізді.
Аталған халықаралық бағдарлама ZHANIBEKOV UNIVERSITY студенттері үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Ол олардың тілдік құзыреттілігін жетілдіріп қана қоймай, рухани дүниетанымын, мәдени сезімталдығын арттырып, болашақ кәсіби бағыттарына тың серпін берді. Мұндай сапарлар жастардың өз ұстанымын қалыптастыруына, шетелдік заманауи білім беру үрдістерін түсінуіне және шет тілін меңгерудегі ынтасын арттыруға оң әсер етеді.
Студенттердің айтуынша, Түркиядағы әрбір күн олар үшін тек оқу емес, сонымен бірге жан-жақты дамуға бағытталған рухани және мәдени жаңғыру кезеңіне айналды. Бұл сапар олардың жүрегінде мәңгілік із қалдырған, жаңа идеялар мен шабыт сыйлаған ерекше тәжірибе ретінде есте қалары сөзсіз.
