Құрметті ата-аналар мен оқушылар!
Білім – ел болашағының берік іргетасы. Осы орайда Шымкент қаласы Қаратау ауданының білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Қаратау ауданына қарасты Таскен елді мекенінде жаңа талапқа сай бой көтерген №151 жалпы орта білім беретін мектеп 2025-2026 оқу жылында өз жұмысын ресми түрде бастады.
Жаңа мектеп заман талабына сәйкес салынған, толық жабдықталған, заманауи оқу үдерісіне қажетті барлық жағдайлармен қамтамасыз етілген. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуы үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған. Ғимараттың жобалық қуаттылығы – 1200 оқушыға есептелген. Бұл – Таскен елді мекеніндегі тұрғындар үшін көптен күткен жағымды жаңалық.
Мектептің мекенжайы: Қаратау ауданы, Таскен елді мекені, С. Балқыбеков көшесі.
Жаңа оқу ордасы – кең әрі жарық оқу кабинеттерімен, пәндік зертханалармен, информатика, робототехника, мультимедия кабинеттерімен, сондай-ақ кітапхана, асхана, спорт және акт залдарымен жабдықталған. Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін барлық инфрақұрылым қарастырылған: спорттық алаңдар, тынығу аймақтары, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйелері және т.б.
Мектептің материалдық-техникалық базасымен қатар, кадрлық құрамы да – оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Қазіргі уақытта оқу ордасында білікті, тәжірибелі және жас мамандардан құралған педагогтер құрамы жасақталып, жаңа оқу жылына белсенді дайындық жүргізілуде. Ұжымның басты мақсаты – білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, тұлғалық дамуға бағытталған заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.
№151 жалпы орта білім беретін мектеп мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес 1-11 сынып аралығындағы оқушыларды қабылдайды. Қабылдау үдерісі қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Құжат қабылдау «Мектепке жол» акциясы аясында ашық әрі қолжетімді форматта ұйымдастырылған. Ата-аналар мен заңды өкілдер тиісті құжаттарын тапсырып, балаларын жаңа оқу орнына тіркей алады.
Оқуға қабылдау үшін қажетті құжаттар тізімі:
- Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- Ата-анасының (немесе заңды өкілінің) жеке куәлігінің көшірмесі;
- 3х4 көлеміндегі 2 дана фото;
- Денсаулық паспорты мен 026/у-3, 063/у формалары;
- Электрондық тіркеу (eGov немесе «Сфера» жүйесі арқылы).
Мектеп әкімшілігі ата-аналар мен оқушыларды қабылдау бойынша толық ақпаратты ұсынып, қажетті кеңес беруге әрқашан дайын. Мектепте ашықтық пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату – ұжымның басты ұстанымдарының бірі.
Құрметті тұрғындар!
Сіздерді жаңа оқу ордасына балаларды тіркеу үшін келуге шақырамыз. Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктер алаңы. №151 мектеп ұжымы әрбір баланың бойындағы қабілетін ашуға, сапалы біліммен қатар адами құндылықтарды дарытуға бағытталған оқу-тәрбие жұмысын жүргізуге дайын.
Осы игі бастаманың баршаға сәттілік әкеліп, Таскен елді мекенінің білім саласында жаңа белестердің бастамасы болатынына сенім мол.
