Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша ғылыми тағылымдамалар санаты бойынша стипендия иегерлері анықталды. Осы тізімге Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің үш ғалымы енді. Олар әлемдік деңгейдегі үздік жоғары оқу орындарында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Физика-математика факультетінің деканы, PhD Уәлиханова Баян Сапарбекқызы — Ұлыбританиядағы University College London (UCL) университетінде ғылыми тағылымдамадан өтетін болады. Аталған оқу орны QS World University Rankings (WUR) әлемдік рейтингінде 9-орында тұр, ал «Education and Training» бағыты бойынша әлемде 1-орынға ие. Баян Сапарбекқызы UCL-де он ай бойы «Дәрілік препараттарды жобалау мен дайындауда кванттық есептеулерді қолдану» тақырыбы аясында биотехнология және биоинформатика салаларында ғылыми зерттеулермен айналысады.
Ағылшын тілі кафедрасының оқытушысы, PhD Рамбердиева Ғайша Сыралханқызы — Ұлыбританияның беделді оқу орындарының бірі, University of Sussex университетінде тағылымдамадан өтеді. QS WUR рейтингінде бұл университет 278-орында, ал «English Language and Literature» бағыты бойынша 79-орында орналасқан. Ғайша Сыралханқызы бір жыл көлемінде «Қазіргі дискурстағы вербалды және визуалды элементтердің өзара әрекеттесуінің лингвомәдени және прагматикалық аспектілері» тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Аударма ісі және шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы Қарабаева Лаура Қошқарбекқызы — АҚШ-тағы Michigan State University (MSU) университетінде төрт айлық ғылыми тағылымдамадан өтеді. MSU QS WUR рейтингінде 161-орында, ал «Education and Training» бағыты бойынша әлемде 18-орында тұр. Лаура Қошқарбекқызы «Білім берудегі зерттеулер саласында кәсіби, академиялық және зерттеу дағдыларын дамыту» тақырыбында ізденіс жұмыстарын жүргізетін болады.
Ғылыми тағылымдама барысында әлемдік тәжірибемен танысу, жетекші ғалымдармен жұмыс істеу және заманауи әдіснамаларды меңгеру отандық білім беру мен ғылым сапасын арттыруға септігін тигізеді. Бұл тек жекелеген ғалымдардың ғана емес, тұтас университет ұжымы мен студенттер қауымының дамуына серпін бермек.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін университеттің 24 ғалымы «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жетекші оқу орындары мен ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өткен. Олар білім беру мен ғылымды халықаралық тәжірибеге негіздей отырып, оқу процесіне заманауи мазмұн енгізуде. Биыл бұл тізім тағы үш ғалыммен толықты.
Бұл жетістік — университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайту, ғылыми әлеуетін арттыру және жаһандық білім кеңістігіне ықпалдасу бағытындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да университет ғалымдары мен жас зерттеушілеріне шетелдік тағылымдамалар арқылы кәсіби дамуға мүмкіндік жасау жалғасатын болады.
