Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған жоғары білім берудің мемлекеттік білім гранттарының иегерлерін жариялады. Бұл күн Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ұжымы үшін де ерекше қуанышқа толы сәт болды.
Биылғы талапкерлердің таңдауы мен сенімі – университетіміздің сапалы білім берудегі тұрақты беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесінде 572 талапкер Жәнібеков университетінің студенті атанды. Бұл — жастардың ұстаздық жолды саналы түрде таңдап, келешекте ел дамуына үлес қосуға ниетті екенінің көрінісі.
Мамандықтар бойынша бөлінген гранттар саны мынадай:
- Дене шынықтыру және спорт – 87 грант
- Музыкалық білім беру – 26 грант
- Көркем еңбек және сызу – 54 грант
- Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану – 42 грант
- Арнайы педагогика – 29 грант
- Дизайн – 10 грант
- Ғылыми биология – 44 грант
Аталған көрсеткіштер ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бойынша кадрлар даярлаудағы жетекші рөлін айқындайды. Әсіресе, дене шынықтыру, көркем еңбек, арнайы педагогика және әлеуметтік педагогика бағыттарына сұраныстың артуы еліміздегі білім беру жүйесінің инклюзивтілігі мен жан-жақты дамуына басымдық беріліп отырғанын аңғартады.
Жыл сайын Жәнібеков университетіне білім гранты арқылы қабылданатын талапкерлер санының артуы – оқу орнының академиялық әлеуеті мен заманауи білім беру инфрақұрылымына деген сенімнің артқанының айқын дәлелі. Университетімізде білім алушыларға теория мен практиканы ұштастыруға, кәсіби дағдыларды дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына еркін араласуға толық мүмкіндік жасалған.
Сонымен қатар, білім беру процесінде инновациялық технологиялар, жаңартылған бағдарламалар мен халықаралық тәжірибеге негізделген оқыту әдістері кеңінен қолданылады. Университет оқытушылары – жоғары ғылыми дәрежесі бар, тәжірибелі мамандар. Олар студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасап, сапалы біліммен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді де басты назарда ұстайды.
Білім саласын дамыту – еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда, Жәнібеков университеті өз миссиясын орындауда, яғни елге адал қызмет ететін, кәсіби, бәсекеге қабілетті мұғалімдерді даярлау бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
