Қоғам

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫҒА ӘЛЕМНІҢ ЕСІГІ АШЫҚ: ДУМАННЫҢ БІЛІМ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕҢІСІ

Білім саласындағы жарқын жетістіктерімен көзге түсіп жүрген шымкенттік Абдурахманұлы Думан бірнеше шет елдердің беделді жоғары оқу орындарынан толық оқу грантымен шақырту алды. Ол АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландыратын FLEX (Future Leaders Exchange Program) бағдарламасының финалисі атанып, бір жыл бойы Америка Құрама Штаттарында білім алып, тәжірибе жинақтайды.

Халықаралық білім беру талаптарына сай ілімін жетілдірген Думан IELTS халықаралық емтиханынан 7,5 балл жинап, бірқатар әлемдік жоғары оқу орындарының назарына ілікті. Соның нәтижесінде ол New York University Shanghai университетінен құны 248 800 АҚШ долларын құрайтын толық оқу грантын жеңіп алды. Бұл сома оқу ақысының толық көлемін қамтиды.

New York University Shanghai — әлемге әйгілі Нью-Йорк университетінің Қытайдағы кампусы. Аталған жоғары оқу орны — халықаралық деңгейдегі зерттеулермен айналысатын, түрлі елдерден келген дарынды жастарды біріктіретін білім ордасы. Бұл оқу орнында білім ала отырып, студенттер Нью-Йорк, Абу-Даби және әлемнің басқа да елдеріндегі NYU кампустарында оқу мүмкіндігіне ие болады.

Думанның бұл жетістігі — оның табандылығы мен қажырлы еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, бұл еліміздегі білім беру сапасының артып келе жатқанын, халықаралық бағдарламалар арқылы әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға болатынын көрсетеді.

Айта кетейік, FLEX бағдарламасы 1992 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан халықаралық білім беру бастамасы. Бұл жоба Орта Азия, Шығыс Еуропа және Еуразия елдеріндегі жоғары сынып оқушыларына АҚШ-та бір жылдық білім алуға мүмкіндік береді. Қатысушылар академиялық біліммен қатар, американдық мәдениетпен де жақын танысып, көшбасшылық қасиеттерін дамытады.

Абдурахманұлы Думан — Қазақстан жастарының білім мен ғылымға деген құштарлығының нақты дәлелі. Оның жетістігі – жас ұрпаққа шабыт беріп қана қоймай, еліміздің болашағы үшін маңызға ие. Бүгінде заманауи талаптарға сай, көптілді, креативті және жаһандық ойлау қабілеті жоғары жастардың саны артып келеді. Бұл үрдіс — еліміздің дамуына, ғылым мен инновация саласының өркендеуіне жол ашады.

Қала әкімдігі мен білім басқармасы өз тарапынан осындай дарынды оқушыларды қолдауға, халықаралық деңгейдегі білім беру бастамаларын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Келешекте бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 2 СУ ҚОЙМА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

bastynews

БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЕҢ АЛДЫМЕН МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕНІ ҚОРҒАУЫ КЕРЕК

Bastynews

ҒАПЫЛДЫҚ ПЕН МАСЫЛДЫҚ

Bastynews