2025 жылы Шымкентте алғаш рет «Айқын» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында мектептердегі кабель желілері жаңартылып, интернет жылдамдығы арттырылады, себебі кейбір білім ошақтарында интернет баяу жұмыс істейді, бұл негізгі себеп – кабельдердің тозуы.
Қазіргі таңда қала мектептерінде 4 205 бақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Жоба шеңберінде қосымша 9 021 камера сатып алынады, нәтижесінде спорт залдарын қоса алғанда әрбір кабинет бақылау жүйесімен жабдықталады. Барлық қала мектептерінде 8 230 кабинет бар, оның 829-ы қазіргі уақытта камераларға қосылған. Мердігер компания қалған кабинеттерге камера орнатып, істен шыққандарын ауыстырады. Бақылау жүйесін жасанды интеллект басқарады. Егер кабинетте тәртіп бұзушылық орын алса, деректер дереу полицияның жедел басқару қызметіне жіберіледі.
Г. Дәрібаеваның айтуынша, әдістемелік орталық мамандары кез келген мектептегі сабақты онлайн режимде бақылай алады. Сонымен қатар, Kundelik kz. платформасы арқылы директорға, оның орынбасарына және мұғалімге ескертулер келіп тұрады. Мысалы, ағылшын тілінің мұғалімі 45 минуттық сабақта 5 минут телефонға қараса, 20 минут басқа адамдармен сөйлесе, сабақ материалын түсіндірмей, үй тапсырмасын берсе, жүйе бұны тіркеп, директорға хабарлайды. Бұл шаралар мұғалімдерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
«Айқын» жобасы екі мектепте сынақтан өтті. Жасанды интеллект көмегімен орнатылған камералар әрбір тәртіпсіздікті тіркеп, оқушылардың көңіл-күйін анықтады. Мұндай жағдайда мектеп психологтары жеке жұмыс жүргізді, бұл балалардың психологиялық жағдайын бақылауды күшейтті.
Жаңа жүйе мұғалімдер қызметінің сапасын арттырып, оқушылардың білім деңгейін жоғарылатуға септігін тигізеді. Кабинетте камера тұрғанын білген мұғалім сабақтарын талапқа сай өткізеді, сыныптағы тәртіп бұзушылықтар азаяды. Сонымен қатар, жоба оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы әрбір оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл жүйе тек нақты тамақтанған оқушыларға ғана қаражат бөлінетіндей жұмыс істейді. Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер келген балалар санына сәйкес азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Жасанды интеллект негізіндегі ақпараттық-бағдарламалық кешен балалардың тамақтану және кітапхана қызметін пайдалану статистикасын дәл есептеп береді.
Осылайша, «Айқын» жобасы заманауи технологияларды және білім сапасын бақылауды біріктіріп, мектептердегі тәртіп, қауіпсіздік және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану деңгейін арттыруға септігін тигізеді.
