Ақпарат Басты жаңалықтар

МЕКТЕПТЕРДЕ 10 МЫҢНАН АСТАМ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында нақты әрі жүйелі шаралар қолға алынуда. Осыған орай, 2025 жылдың соңына дейін қала мектептерінде 10 мыңнан астам заманауи бейнебақылау камерасы орнатылады. Жоба Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 100 адамнан астам шоғырланатын нысандар террористік тұрғыдан осал объектілер ретінде тіркеліп, олардың бейнебақылау жүйесі Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына (ЖБО) тікелей қосылуы тиіс. Алайда қазіргі таңда бұл талап барлық мектепте толық орындалып отырған жоқ.

Көптеген мектептерде бейнебақылау жүйелері тек бір ғимаратпен ғана шектеліп, кейбір маңызды нысандар – баспалдақ алаңдары, өту жолдары, қосымша ғимараттар қамтылмаған. Мұндай жағдайлар білім беру процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кедергілер туғызады. Мәселен, кейбір оқушылардың жарақат алу жағдайларында бейнематериалдардың болмауы оқиғаның себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік бермей келген. Осыған байланысты енді бейнебақылау жүйесі мектептердің барлық бөліктерін, соның ішінде бұрын назардан тыс қалған таса учаскелерді де қамтитын болады.

Жобаны іске асырушы компания 2025 жылдың соңына дейін шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартуды көздеп отыр. Жалпы 5,5 млрд теңге көлеміндегі қаржы үш жылдық мерзімге сервистік қызмет көрсету негізінде кезең-кезеңімен бөлінеді. Аталған қаражат Шымкент қаласы мәслихаты тарапынан бекітілген және ағымдағы жылға қажетті қаржыландыру толық қарастырылған. Келісімшартқа сәйкес, төртінші жылы компания өз қызметін тегін көрсетеді, сондай-ақ орнатылған жүйелерге бес жылдық кепілдік береді.

Бүгінде қала мектептерінде 2600 бейнекамера жұмыс істейді, алайда олардың басым бөлігі – техникалық тұрғыдан ескірген, аналогтық жүйеге негізделген құрылғылар. Бұл камералар жаңа цифрлық жүйемен толық ауыстырылып, Жедел басқару орталығына қосылатын болады. Орнатылатын жаңа бейнебақылау жүйесі жоғары айқындықтағы сурет беру, түнгі түсірілім, қозғалысқа сезімталдық және үздіксіз жазба жүргізу сияқты маңызды мүмкіндіктерге ие болады.

Камераларды орнату кезінде жеке тұлғалардың құқықтары толық ескеріледі. Атап айтқанда, санитарлық-гигиеналық бөлмелер (дәретханалар) камерамен жабдықталмайды, өйткені бұл адамның жеке кеңістігіне қол сұғуға жатады және заңмен шектеледі. Ал оқу кабинеттері мен дәліздер қоғамдық кеңістік ретінде қарастырылатындықтан, ондағы бақылау заңды әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір тетігі болып саналады. Мұндай шаралар оқушылардың, педагогтердің және мектеп қызметкерлерінің қауіпсіз ортасында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты – мектептерде кешенді қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру. Жаңа бейнебақылау жүйелері білім беру мекемелерін заманауи талаптарға сай жабдықтауға және цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙТЫЛДЫ

bastynews

ЗЕЛЁНАЯ БАЛКА: СЕМЬИ ВЕТХОГО ЖИЛЬЯ ПЕРЕСЕЛИЛИ В ШЫМКЕНТЕ

bastynews

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ТЫҢ СЕРПІН: ӘДІСТЕМЕЛІК БІРЛЕСТІК ОТЫРЫСЫ НӘТИЖЕЛІ ӨТТІ

bastynews