Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалмен қатар, БАҚ өкілдері тарапынан білім беру саласына қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Солардың ішінде мектептерге енгізілгелі жатқан заманауи аппараттық-бағдарламалық кешенге ерекше қызығушылық байқалды. Осыған орай, жобаның мазмұны мен тиімділігін қысқаша баяндауды жөн көрдім деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С.Құранбек.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша Аталған жоба – Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты мектептердің қауіпсіздігін күшейту және цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында қолға алынған. Биылдан бастап қала мектептеріне жаңа форматтағы аппараттық-бағдарламалық кешен кезең-кезеңімен орнатылатын болады. Бұл кешен – оқу орындарының ақпараттық жүйелерін орталықтандыру, интернет желісінің тұрақты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және қауіпсіздік шараларын бір жүйеге келтіруге бағытталған.
Жаңа жүйе аясында мектептердің интернет желісін пайдалану көрсеткіштері кешенді түрде зерттеліп, нақты деректерге негізделген шешімдер қабылдануда. Бұған дейінгі стандартқа сәйкес, мектептерге 150 Мбит/сек интернет жылдамдығы бөлінсе де, кейбір оқу орындарында нақты көрсеткіш 20 Мбит/сек-тен аспағаны анықталды. Бұл – оқу процесіне, бейнебақылауға және қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеуіне кері әсер еткен. Енді жаңа кешен арқылы интернет жылдамдығының тұрақты мониторингі жүргізіліп, жылдамдық төмендеген жағдайда, мамандар мәселенің себебін жедел анықтап, дер кезінде шешім қабылдай алады.
Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – барлық қауіпсіздік жүйелерінің (бейнебақылау, дабыл нүктелері, кіру/шығу бақылауы және т.б.) бір орталықтан басқарылуы. Бұған дейін бұл қызметтер әртүрлі компаниялар тарапынан дербес түрде жүзеге асырылып келген болса, енді жүйенің барлық компоненттері бір оператор арқылы басқарылып, үйлесімді және тиімді қызмет етеді. Бұл мектептердегі жалпы қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады.
Сонымен қатар, жоба цифрлық теңсіздікті жоюға да бағытталған. Яғни, қаланың шеткері аумақтарында орналасқан мектептер де сапалы интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен бірдей деңгейде қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа жүйе – тек техникалық жаңғырту емес, бұл – сапалы білім мен қауіпсіз ортаға қол жеткізудің нақты тетігі. Қаламыздағы әрбір білім беру мекемесінің заманауи талаптарға сай жұмыс істеуі – басты мақсатымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
