М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің базасында 6В07120 – «Машинажасау» білім беру бағдарламасы бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиаданың екінші кезеңі өтті. Аталған олимпиада ҚР жоғары оқу орындары студенттері арасында ұйымдастырылып, В064 – «Механика және металл өңдеу» білім беру бағдарламалары тобы аясында өткізілді.
Олимпиаданың мақсаты – студенттердің кәсіби білімін тереңдетіп, шығармашылық қабілетін дамыту, техникалық білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ еліміздің үздік болашақ инженер-машинажасаушыларын анықтау және қолдау.
Биылғы жылы сайысқа еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының 3 және 4 курс студенттері қатысты. Атап айтқанда, Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Алматы), Торайғыров университеті (Павлодар), Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (Алматы), Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті (Көкшетау), Шәкәрім университеті (Семей) және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті (Шымкент) сынды беделді ЖОО-лардан білім алушылар бас қосып, өз білімдері мен біліктіліктерін сынға салды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған олимпиада барысында студенттер теориялық білімдері мен практикалық машықтарын жан-жақты көрсете білді. Байқау тапсырмалары күрделі инженерлік есептер мен технологиялық талдаулардан құралған. Әділқазылар алқасы қатысушылардың ғылыми ойлау қабілетіне, техникалық есептердің шешімін табудағы шеберлігіне және кәсіби даярлығына ерекше мән берді.
Олимпиада қорытындысы бойынша, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің атынан қатысқан 6В07120 – «Машинажасау» білім беру бағдарламасының ММГ-22-2к тобының студенті Мұқанбетғали Абай Мырзағалиұлы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Бұл жеңіс – университетіміздің білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, бұл жетістік білікті оқытушыларымыздың қажырлы еңбегінің және студентіміздің табандылығы мен ізденімпаздығының нәтижесі екенін ерекше атап өткіміз келеді.
Мұқанбетғали Абай Мырзағалиұлын және оны дайындаған профессор-оқытушылар құрамын шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерден көріне берулеріңізге тілектеспіз!
Осындай жетістіктер – еліміздің инженерлік әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Университетіміз дарынды жастарды қолдауды жалғастыра береді.
