Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША ІС-ШАРА ЖОСПАРЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда Мемлекет басшысының 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, аумақтық департамент жетекшілері қатысты.

Мәжілісте Мемлекет басшысы жүктеген 7 негізгі бағыт – инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту, көлік логистикасын жетілдіру және электр энергиясы тапшылығын азайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі әрі нәтижелі орындауға тиіспіз. Өңірге инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді, барлық салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жандандыруды, энергетика тапшылығын жою мақсатында нақты жобаларды жүзеге асыруды, салық-бюджет саясатын реттеуді тапсырамын. Елді мекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, әлеуметтік саладағы заңсыздықтарды реттеу бойынша шұғыл түрде кешенді шара қабылдау керек. Мемлекет басшысының тапсырмаларын мерзімінде орындау үшін арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу қажет. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – негізгі басымдықтарымыз болып қала береді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз салалары аясында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Берік Қайпов баяндама жасады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларды ұсынды.

Инфляцияны төмендету бағытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету шаралары пысықталды. Бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, өндірісті ұлғайту тетіктері қаралды.

Жаңа Салық кодексін енгізу мәселесінде фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру, бюджетті ретке келтіру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру міндеттері айқындалды. 2026 жылы жергілікті бюджетке 225 млрд теңге түсім түсіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке экономикалық белсенділікті арттыру және кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру арқылы қол жеткізу көзделген. Салық органдары мен бизнес арасында серіктестік қағидатын нығайту қажеттігі атап өтілді.

Цифрлық мемлекет құру бағытында барлық салаларды цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу және ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, ашықтықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Инвестициялық саясат аясында 2025 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жоспар 121,6 пайызға орындалған. Ал 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Инвестиция тарту аудан және қала әкімдерінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала беретіні ескертілді.

Өнеркәсіп саласында 2025 жылы өндірілген өнім көлемі 1 596 млрд теңгеге жетіп, 13,8 пайыз өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47,5 пайызды құрайды. Импортты алмастыратын және терең өңдеуге бағытталған жобаларды іске асыруға басымдық берілмек. Аграрлық әлеуетті тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де назарда болды.

Өңірде 215 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту және цифрлық құралдарды енгізу арқылы бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету міндеттері белгіленді.

Көлік логистикасын дамыту бағытында халықаралық транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдалану, сервистік және қойма инфрақұрылымын дамыту, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін мерзімінде аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар Түркістан әуежайын бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылды.

Энергетика саласында облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 445 МВт болса, оның 75 пайызы сыртқы көздерден жеткізіледі. Жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету – өңірдің тұрақты дамуының басты шарты ретінде белгіленді.

Мәжілісті қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – әр басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Жиын қорытындысымен барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырылды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты жаңалықтар

Кәсіпкерлерге түсінікті заң, тиімді қолдау қажет

bastynews

Қазақстанда құрылысты бақылау үшін бірыңғай портал енгізіледі

bastynews

ZHANIBEKOV UNIVERSITY МЕН ICCCM АРАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

bastynews