Ақпарат

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Соңғы жылдары оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп, мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, турникеттер орнатылуда. Бұл жүйелер төтенше жағдайлардың алдын алып, балалардың қорғанысын күшейтуге бағытталған.

Шымкент қаласында жалпы саны 955 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 243-і мемлекеттік, 712-сі жекеменшік ұйымдар. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығына сәйкес, 570 білім беру ұйымы террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына енгізілген. Бұл тізімге 230 мемлекеттік және 340 жекеменшік білім беру мекемелері кіреді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – білім беру сапасымен қатар қойылатын маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте, қалалық білім басқармасына қарасты 230 мемлекеттік білім беру ұйымында (оның ішінде 63 балабақша, 157 мектеп, 10 колледж) қауіпсіздік шаралары толық көлемде жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, аталған мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлығы 100% бейнебақылау жүйелерімен және дабыл батырмаларымен жабдықталған. Бұл жүйелер Шымкент қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Мұндай шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және құқық бұзушылықтың жедел тіркелуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, білім нысандарының кіреберіс бөліктеріне өткізу жүйелері (турникеттер) орнатылған. Бұл оқушылар мен қызметкерлердің қозғалысын қадағалауға, бөгде тұлғалардың мектеп аумағына өтіп кетуінің алдын алуға бағытталған.

Мұнымен қоса, барлық 230 нысан І-дәрежелі мамандандырылған күзет қызметтерімен 100% келісімшартқа отырған. Бұл – арнайы лицензиясы бар, кәсіби мамандардан құралған қауіпсіздік ұйымдары арқылы қамтамасыз етілетін шаралар. Олар оқу орындарының аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, ішкі және сыртқы қауіпсіздікке жауапты.

Қауіпсіздік мәселесіне жан-жақты мән берілуінің нәтижесінде, Шымкент қаласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылар мен педагогтердің алаңсыз білім алып, еңбек етуіне толық жағдай жасалған.

Алдағы уақытта да терроризмге қарсы іс-қимыл және білім мекемелерінің қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар Білім басқармасы мен құқық қорғау органдарының тығыз өзара іс-қимылы аясында жалғасын табатын болады.

Осылайша, Шымкент қаласы еліміздегі білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үздік тәжірибелердің біріне айналып отыр. Бұл – ұрпақ болашағына жасалған сенімді қадам.

Қатысты жаңалықтар

«Аяусыз жазаланады». Аймағамбетов мұғалімдердің құқығын бұзғандарға ескерту жасады

Bastynews

ШЫМКЕНТТЕ “ШАХМАТШЫЛАР ҮЙІ” ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

bastynews

Банкомат карточканы «жұтып» қойғанда. 1 минутта шығарып алуға болады

Bastynews