Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі екенін ерекше атап өткен болатын. Бүгінде құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Өйткені заң талаптарын жетік білетін әрі қаржылық сауатты азамат қана өз құқықтарын қорғай отырып, түрлі тәуекелдер мен алаяқтық әрекеттердің алдын ала алады.

Осы мақсатта Түркістан облысы, Ордабасы ауданында тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын жетілдіру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және қоғамда заңға деген құрметті нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында тұрғындарға қаржылық жоспарлау, несие рәсімдеу кезіндегі жауапкершілік, қарыздық міндеттемелерді тиімді басқару, жеке қаражатты дұрыс пайдалану, сондай-ақ азаматтардың заң аясындағы құқықтарын қорғау жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет-алаяқтық, жалған несие рәсімдеу, онлайн қаржы пирамидалары мен киберқылмыс түрлерінен сақтану мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар нақты мысалдар келтіріп, күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар арқылы тұрғындарға маңызды кеңестер мен пайдалы ақпараттар ұсынды.

Семинарға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова болды. Сарапшылар өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісіп, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға нақты әрі кәсіби жауаптар берді.
Мамандардың пікірінше, құқықтық және қаржылық сауаттылық – тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Қаржылық сауаттың төмендігі азаматтарды түрлі алаяқтық әрекеттерге ұрындырып қана қоймай, әлеуметтік және психологиялық қиындықтардың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі.
Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан нақты кеңестер алды.
