Шымкент қаласы әкімдігі білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту бағытында 2025 жылы ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Биылғы жылы 4 200 орындық 6 білім беру нысанының құрылысы мен қосымша ғимараттарын салу мақсатында бюджеттен 21,1 миллиард теңге қаралған. Бұл бастама қаладағы білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушыларға сапалы және қолайлы оқу ортасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда аталған 6 жобаның әрқайсысы бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Төменде құрылыс жұмыстарының жағдайы және қаржыландыру көлемі туралы толық ақпарат ұсынылады:
- «А.Байтұрсынов атындағы № 50 мектепке қосымша корпус ғимаратының құрылысы
Жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары толық аяқталды (100%). Қазіргі кезде ғимараттың қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл қосымша корпус мектептің білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқушыларға заманауи және ыңғайлы оқу ортасын ұсынатын болады. - «Шымкент қаласы, Тельман мөлтек ауданынан 1200 орындық мектептің құрылысы»
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 3,6 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 80%-ға орындалды. Мектептің құрылысын 2025 жылдың 31 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл жоба қаладағы білім беру орталарына қажеттілікті айтарлықтай төмендетіп, жаңа оқу орындарын құруға септігін тигізеді. - «Ө. Жәнібеков атындағы № 19 мектепке қосымша корпус ғимаратының құрылысы»
Жергілікті бюджет есебінен 1,8 млрд теңге қаралып, құрылыс жұмыстарының 21%-ы орындалған. Құрылыс 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс. Бұл корпус мектептің оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. - «№ 16 мектепке қосымша корпус ғимаратының құрылысы»
Жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарының 9%-ы жүзеге асырылған. Бұл нысан 2026 жылға өтпелі болып, құрылыс жұмыстары келесі жылға жалғасады. - «Сайрам мектеп-интернат колледжіне қосымша 300 орындық жатақхана құрылысы»
Арнаулы қолдау қоры арқылы 2,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарының 15%-ы орындалған. Жатақхананың құрылысы 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталуы жоспарлануда. Бұл жоба колледж студенттерінің тұрмыс жағдайын жақсартып, оқу сапасын арттыруға бағытталған. - «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Таскен тұрғын алабында 1500 орындық мектеп құрылысы
7,7 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарының 70%-ы орындалған. Бұл жоба 2025 жылдың 31 тамызына дейін аяқталады деп күтілуде. Мектеп құрылысы тұрғын алаптың білім беру инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, заманауи талаптарға сай оқу ортасын қалыптастырады.