Басты жаңалықтар

TASHENEV UNIVERSITY СОЗАҚТА ҚАБЫЛДАУ ПУНКТІН АШТЫ

Tashenev University шалғай өңірлердегі жастардың жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жаңа бастама көтерді. Университет алғаш рет Созақ ауданында қабылдау пунктін ашып, ауыл жастарына үлкен қолдау көрсетті. Бұл игі шара ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін азайтуға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Қабылдау пункті Созақ ауданының орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде орналасқан. Енді аудан жастары Шымкентке арнайы бармай-ақ, өз ауылында отырып, Tashenev University жайлы толық ақпарат алып, құжаттарын тапсыруға мүмкіндік алады. Бұл шешім шалғай ауылдарда тұратын талапкерлер мен ата-аналар үшін аса тиімді және қолжетімді.

Қабылдау пунктінің ашылу рәсіміне университеттің жетекші өкілдері, аудан әкімдігі мен білім саласының қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен белсенді жастар қатысты. Шара барысында талапкерлерге ақпараттық брошюралар, оқу бағыттары бойынша кеңес беру, гранттық мүмкіндіктер, жатақхана жайы және студенттік өмір туралы кең ауқымды ақпарат ұсынылды.

Іс-шараға қатысқан Tashenev University-дің факультет деканы Бастарбек Тоқтарұлы бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, былай деді:

«Бүгінгі қадам – ауыл жастарына мүмкіндік берудің нақты көрінісі. Созақ өңірінде білімге ұмтылған жастар көп. Біз оларға барынша жақын болуға, кеңес беріп, бағыт көрсетуге дайынбыз. Бұл бастама – университетіміздің қолжетімді, ашық әрі заманауи білім ордасы екенін дәлелдейді».

Tashenev University білім алушылар үшін заман талабына сай оқу бағдарламаларын, тәжірибелік бағыттағы курстарды, шет тілдерін тереңдетіп оқыту жүйесін, сондай-ақ ақпараттық технологиялар, құқық, экономика, педагогика салаларында сұранысқа ие мамандықтарды ұсынады.

Қабылдау пунктінің басты мақсаты – талапкерлердің университет туралы толық әрі дұрыс ақпарат алуына, кәсіптік бағдарлануына, оқуға түсу процесінде кедергісіз кеңес алуына жағдай жасау.

Университет өкілдері алдағы уақытта Созақтан бөлек өзге де аудан, елді мекендерде қабылдау пунктерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл — өңірлік даму мен адам капиталын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың айғағы.

Tashenev University – тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл Оңтүстік өңірінің жастарына арналған заманауи білім беру орталығы. Университет «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидасына сүйене отырып, сапалы білім мен тәрбие беруді басты мақсат етеді.

Қатысты жаңалықтар

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «КЕЗДЕСУДЕ АЙТЫЛҒАН СӨЗДЕР ЖЕРДЕ ҚАЛМАЙДЫ»

Bastynews

«Сенің ойыңды ешкім сұраған жоқ»: Оқушыға дөрекі сөз жазған ұстаздың басы бәлеге қалды

Bastynews

«Бәрің жедіңіздер, мемлекет қазынасына қайтаруды талап етемін!» – Президент жемқорларға 30 күн уақыт берді

Bastynews