Ғабит Мұқанов: «Әділетті Қазақстан құру – заң мен тәртіпті сақтау арқылы жүзеге асады»
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов Tashenev University-нің белсенді студенттерімен бейресми форматта кездесу өткізді. Ашық диалог алаңында өткен жүздесуге «Ташенев тартуы» жобасының қатысушылары, мемлекеттік грант иегерлері мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, қоғамдық қауіпсіздік, азаматтық жауапкершілік және «Әділетті Қазақстан» идеясын ілгерілету мәселелері бойынша пікір алмасу болды. Студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік және құқықтық проблемаларға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында Ғабит Қасымбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» идеологиясына ерекше тоқталып, әділетті қоғам құрудың іргетасы – азаматтардың заңға деген құрметі мен жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Жастар – еліміздің болашағы ғана емес, қазіргі дамудың қозғаушы күші. Сіздердің заң мен тәртіпке деген құрметтеріңіз, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз – Жаңа Қазақстанның негізін қалайды. Біз бірге әрекет етіп, жастарға төнетін қауіптерге – есірткі, алаяқтық және басқа да қылмыстарға қарсы тұра білуіміз керек», – деді қалалық прокурор өз сөзінде.

Сонымен қатар, Ғабит Мұқанов дроперлік, интернет-алаяқтық, есірткі саудасы сияқты жастар арасында өзекті қауіптерге қарсы бірлесіп күресу қажеттігін ерекше атап өтті.
Кездесуде Tashenev University Басқарма төрағасы Оналбай Аяшев пен университет ректоры Қанат Байболов сөз алып, оқу орнының даму стратегиясы, инновациялық инфрақұрылымы, академиялық ұтқырлық, тәжірибеге бағытталған оқыту әдістері және жастардың стартап жобаларын қолдау бағыттары бойынша ақпарат берді. Университеттің басты ұстанымы – құндылыққа негізделген білім беру мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру екендігі айтылды.
Қорытындылай келе, «Біз әрдайым еңбекқор, ынталы жастарды Шымкент қаласының прокуратура органдарында тәжірибеден өтуге қуана қабылдауға дайынбыз. Бұл — баға жетпес тәжірибе. Біз тек құқық саласының емес, IT, экономика, қаржы сияқты түрлі бағыттағы студенттерді де практикалық дағдыларға үйретуге әзірміз», – деді Ғабит Мұқанов.