2025 жылдың көктемінде Шымкент университетінде өткен «Студенттік ғылым: жастардың көзқарасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жас зерттеушілердің білімін, ғылыми әлеуетін және зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл конференция жыл сайынғы дәстүрге айналып, ғылымға қызығушылығы бар студенттердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Аталған ғылыми жиында Орталық Азия Инновациялық университетінің «Тілдер және әдебиет» кафедрасына қарасты 6В02301 – «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Ақбердиева Айгерім жүлделі III орынды иеленіп, университет мәртебесін асқақтатты.
Ақбердиева Айгерім өзінің ғылыми жұмысында қазіргі аударматанудың өзекті мәселелерін көтеріп, тіл мен мәдениет арасындағы байланысқа ерекше мән берді. Ғылыми жұмыстың тақырыбы мен мазмұны өзектілігімен, құрылымы мен дәйектілігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, жақын шетелдерден де ондаған жоғары оқу орындарының студенттері мен жас ғалымдары қатысты. Олардың арасында халықаралық қатынастар, филология, аударма ісі, педагогика, экономика және басқа да бағыттар бойынша үздік ғылыми баяндамалар ұсынылды.
Университет ректоры мен профессорлық-оқытушылық құрамы Айгерімді шын жүректен құттықтап, алдағы ғылыми ізденістерінде сәттілік тіледі. Сонымен қатар, бұл оқиға басқа студенттерге де үлкен серпін беріп, ғылымға бет бұруға ынталандыратыны сөзсіз. Оқу орнында жыл сайын ғылыми конференциялар, дебаттар, жобалық жұмыстар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, студенттер өз қабілетін жан-жақты дамытуға мүмкіндік алады.
Айгерімнің алдағы жоспары – аударматану саласында тереңірек зерттеу жүргізіп, магистратурада оқуын жалғастыру. Ол шет тілдерін жетік меңгеріп қана қоймай, мәдениетаралық коммуникацияны дамытуды, аударма саласына жаңаша көзқарас қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, ғылыми мақалаларын республикалық және халықаралық журналдарда жариялап, ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнатуға ниетті.
Орталық Азия Инновациялық университеті осындай табысты жастарымен мақтана отырып, олардың шығармашылық және ғылыми дамуына қолдау көрсету арқылы бәсекеге қабілетті, жан-жақты маман даярлау ісін одан әрі жалғастыра береді.