Жаңалықтар Қоғам

ШЫМКЕНТТІК ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЖАРҚЫРАП КӨЗГЕ ТҮСТІ

Беларусь Республикасының Минск облысындағы «Зубренок» ұлттық балалар білім беру сауықтыру орталығында өткен жас өрт сөндіруші-құтқарушылардың XVIII халықаралық слетіне Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің үздік командалары қатысты. Бұл халықаралық дода – төтенше жағдайлар саласына қызығушылық танытқан жас буын өкілдері үшін өз білімін, шеберлігін және физикалық дайындығын көрсетуге арналған беделді алаң.

Қазақстан Республикасының атынан қатысқан Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан құрылған «Жас құтқарушылар» командасы халықаралық жарыста ерекше көзге түсіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Қатысушылар жарыс барысында түрлі сынақтардан өтті: табиғи және техногендік апаттар кезіндегі әрекеттер, алғашқы медициналық көмек көрсету, өртті сөндіру дағдылары, іздеу-құтқару операциялары, психологиялық төзімділік, төтенше жағдай кезіндегі шапшаң шешім қабылдау мен топ болып әрекет ету секілді бағыттар қамтылды. Әр кезеңде шымкенттік жасөспірімдер нағыз құтқарушыға тән табандылық, жауапкершілік және командалық ұйымшылдық танытып, кәсіби деңгейдегі шеберліктерін дәлелдеді.

Нәтижесінде, шымкенттік команда жүлделі III орынды иеленіп, Қазақстанның атын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап шықты. Бұл – жас құтқарушылардың тынымсыз еңбегі мен үнемі дайындықта болудың, тәртіп пен ерік-жігердің жемісі. Команданың бұл жетістігі – Шымкент қаласында азаматтық қорғаныс пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасында патриоттық рухты, жауапкершілік пен ерлік қасиеттерді тәрбиелеу ісінің оң нәтижесін айғақтайды.

Жас құтқарушылардың бұл жетістігі – өскелең ұрпақтың отансүйгіштікке, жанқиярлыққа, қайсарлық пен төтенше жағдайларда көмек көрсетуге даярлық деңгейінің жоғары екенін білдіреді. Олар тек жарыста жеңіске жетіп қоймай, қатарластарына үлгі боларлықтай мінез-құлық пен мықты рухтың үлгісін көрсетті. Алдағы уақытта бұл жастар еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халықтың өмірін қорғауға дайын кәсіби мамандардың қатарына қосылады деген сенім мол.

Осылайша, шымкенттік жас құтқарушылар халықаралық деңгейде ел намысын лайықты қорғап, Қазақстанның жастары да батыл, білікті, білімді екенін тағы бір дәлелдеді.

Қатысты жаңалықтар

В Шымкенте открылся международный театральный фестиваль

bastynews

ШЫМКЕНТ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА МАЛ БАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Bastynews

ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНҒАН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС ӨТТІ

Bastynews