Ақпарат Жаңалықтар Қоғам

Ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал тұрақты

Бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Қазір қалада инвестициялық құны 650 млн долларлық посткеңестік елдердің ішінде ең ауқымды заманауи жылыжай кешені салынып жатыр. Жобаны түркиялық Alarko Holding компаниясы екі кезеңде іске асырмақ. Жоспарға сәйкес, алғашқы кезең 2026 жылдың соңына дейін, екіншісі бес жылда жүзеге асуға тиіс. Ал жоба толық біткен соң жылына 155 мың тонна өнім өндіріліп, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ биыл жалпы құны 12,2 млрд теңгеге 2 тауарлы сүт фермасы, 3 көкөніс сақтау қоймасы секілді 5 ірі жоба іске асырылып, 50 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Биыл Шымкент қаласында 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, бұдан 81 мың тонна өнім жиналады деп күтіледі. Ал өнімділікті арттыру үшін дихандарға заң аясында көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, биылға шаруашылықтардан жалпы 919 тонна дизель отынына өтінім қабылданған. Ресми өкілдің сөзінше, шаһардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің едәуір аумағы елді мекендердің жерлеріне ауысқан. Сол себепті елді мекендердің базалық салықтық мөлшері бір шаршы метрге 91 700 ‬теңге. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бұл баға 50 пайызға төмендетіліп отыр.Бұдан бөлек, әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысын жалғастырып келеді. Айталық, кәсіпкерлік субъектілерге қарыз беру, бағаны қадағалаушы комиссия жұмысын реттеу, әлеуметтік сауда нүктелерін ұлғайту, апта сайын тұрақты азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру қолға алынған. Қала аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы қарқынды. Жоспарға сәйкес, жануарлардың 10 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы 1 211 700 вакцина егу, 29 аса қауіпті ауруға қарсы 220 250 диагностикалық зерттеу жұмысы наурыздан басталған. Бұл жұмысқа 88 мал дәрігері жұмылдырылып, тегін қызмет көрсетеді. Ал басқа да жұқпалы емес аурулар мал иесі есебінен ақылы негізде жүргізіледі. Сонымен қатар қала аумағындағы 3 мал сою орны ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жұмыс істеп тұр. Жеке аулаларда мал сою, базар сөрелеріндегі тауар сапасын жақсартуда жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты заңсыз өткізудің жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара тұрақты жүргізіледі.«Қалада 8 сібір жарасы көміндісі мен 9 мал қорымы тіркелген. Барлық объектілер ветеринариялық талаптарға сай және мемлекеттік акті құжаттары ресімделген. Эпизоотиялық ахуал да тұрақты. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы жылына 2 рет өткен. Ал биыл масаға қарсы дезинсекция жұмысы күшейтіледі. Биыл қала аумағында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен 10 рет жүргізіледі. Көктем мен күзде химиялық әдіс, улы жемдерді қолданып кеміргіштердің санын азайту қолға алынады. Қазір тұрғындарды мазалап отырғаны – қаңғыбас жануарлар. Бұл орайда қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау жұмыстары тұрақты жүріп жатыр. Былтыр Ақтас елді мекенінде қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау орталығы іске қосылды. Мұнда максималды 1,5 мыңға жуық ит-мысық сыяды. Жүз мыңға жуық иттің заңды иесі тіркелген. Бірақ кейбір кезде тұрмыстық жағдайға байланысты үй жануарын бағудан бас тартатындар да бар. Сондықтан жылына 40 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланады», деді Сәрсен Абайұлы. Сөз арасында ресми өкіл үй жануарларын тіркемеген, оларға жауапсыз немесе қатыгездікпен қарағандарға әкімшілік айыппұлдар мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды. Оның айтуынша, биыл қала тұрғындарынан қаңғыбас жануарларды аулауға қатысты екі мыңнан аса өтінім түскен. Бүгіннің өзінде ізгілікті тәсілмен 11 мың ит-мысық ауланып, агрессивті және емделмейтін аурумен ауыратын 10 мың жануар жансыздандырылған. Ал үй жануарларын қорғаушылар мен жануарлардың иелеріне 100 ит пен мысық қайтарылса, жануарларға жауапкершілікпен қарау заңнамасын сақтамаған 32 адамға 688 мың теңге айыппұл салынған. Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары әлеуметтік желіде жарияланған кейбір мәселеге жеке тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. Соның ішінде ресми өкіл қаладағы заңсыз құрылысқа байланысты атқарылып жатқан жұмыс жайын жеткізіп, заң мен тәртіп бәріне ортақ екенін тағы бір атап өтті.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ЕСКІ ҮЙЛЕР ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Bastynews

Банкомат карточканы «жұтып» қойғанда. 1 минутта шығарып алуға болады

Bastynews

Онлайн қайыршылар қаптады

Bastynews