Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет», – деген болатын. Президент тапсырмасы аясында бүгінде Түркістан облысында ұрпақ тәрбиесіне бағытталған бірқатар игі шаралар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Соның бірі – Қазығұрт ауданында өткен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты жиын. Аталған кездесуге Түркістан облыстық «Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Аманбай Омаров, Социалистік Еңбек Ері Төле Ағабеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнұр Әбілхасова, ауылдық «Әжелер алқасы» мен «Әкелер мектебі» ұйымдарының жетекшілері, мектеп директорлары және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында өңірде жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалып, оқушылар арасындағы өзекті мәселелер, әсіресе, тәрбие мен мінез-құлықтағы ауытқулар кеңінен сөз болды.

«Әкелер мектебі» аясында бүгінде көптеген іс-шаралар өткізілуде. Білім беру мекемелерінде, халық көп жиналатын орындарда түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл жұмысты кең көлемде насихаттап, қоғам болып, ұрпақтың тәрбиелі, білімді, парасатты болып өсуіне өз үлесімізді қосайық», – деді ардагерлер кеңесінің мүшесі. Жиын соңында ұрпақ тәрбиесінің қазіргі қоғамдағы маңызы, жастардың саналы дамуы және отбасындағы тәрбиенің рөлі туралы тұшымды пікірлер айтылып, келелі ойлар ортаға салынды.