Басты жаңалықтар Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ДУБАЙДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ LEGO ЖАРЫСЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ!

Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының “Nauryz” командасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен халықаралық FIRST LEGO League Challenge жарысында үлкен жетістікке қол жеткізді. Жас өнертапқыштар “CORE VALUES AWARD WINNER” номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алып, Қазақстанның абыройын әлемдік деңгейде асқақтатты!

Ауқымды халықаралық байқау 2025 жылғы 24–28 маусым аралығында қолданбалы ғылым, технология және инновациялық білімге бағытталған жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Rochester Institute of Technology (RIT) Dubai базасында өтті. Жарысқа әлемнің әр түкпірінен келген үздік мектеп командалары қатысып, өз жобаларын робототехника, бағдарламалау, инженерия және ғылыми зерттеу бағыттары бойынша қорғады.

Бұл жеңіс — тек техникалық шеберліктің емес, сонымен қатар командалық жұмыс, көшбасшылық, жауапкершілік, бір-біріне деген құрмет пен қолдаудың жоғары деңгейде екенін дәлелдейтін «Core Values» (негізгі құндылықтар) бағыты бойынша берілген жоғары марапат.

LEGO жарысы – халықаралық деңгейде танылған балалар мен жасөспірімдер арасындағы ең беделді зияткерлік сайыстардың бірі. Онда қатысушылар робототехниканы қолдана отырып, шынайы өмірлік мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл байқау — STEM (Science, Technology, Engineering, Math) салалары бойынша білім мен дағдыны жетілдіруге бағытталған маңызды платформа.

Команда жетекшісі Беклан Тастанбектің айтуынша:

“Бұл жеңістің артында талмай еңбектену, бірнеше айға созылған дайындық, тәжірибе мен бірлік жатыр. Оқушылар тек техникалық жағынан ғана емес, адамгершілік, ынтымақтастық және креативтілік тұрғысынан да нағыз көшбасшылық көрсетті”.

Команда мүшелері де өз әсерімен бөлісті:

“Біз үшін бұл жарыс тек бәсеке емес, үлкен өмірлік тәжірибе болды. Дүниежүзінің түрлі елдерінен келген оқушылармен пікір алмасып, мәдениетімізді таныстырып, елімізді таныту біз үшін үлкен мәртебе”, – дейді Айсұлтан Қожамұрат.

Бұл жеңіс — жастарымыздың ғылым мен технологияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын, сонымен қатар еліміздегі білім сапасының халықаралық деңгейде мойындала бастағанының нақты дәлелі.

«Nauryz» командасының табысы — еліміздегі STEM-білімді дамытуға және өскелең ұрпақты технологиялық жетістіктерге жетелеуге жол ашатын маңызды жетістік.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ЖАС ЧЕМПИОНДАР АНЫҚТАЛАДЫ

bastynews

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ДА РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

bastynews

ЖАҢА ӨМІРДІҢ ЖАРҚЫН БАСТАМАСЫ

bastynews