Ақпарат Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ 9693 БАЛА ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

2025 жылы Шымкент қаласында жергілікті бюджет есебінен шілде-тамыз айлары аралығында 9693 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл игі бастама ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсету және олардың жазғы кезеңін тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында ұйымдастырылған.

Жазғы сауықтыру шарасы әлеуметтік 5 санаттағы балаларды қамтиды:

  • Аз қамтамасыз етілген отбасы балалары;
  • Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар;
  • Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Мүмкіндігі шектеулі балалар;
  • Әлеуметтік қорғалмаған санаттағы басқа да балалар.

Балалардың демалысы Шымкент қаласынан тыс, табиғаты көркем, экологиялық жағынан таза аймақтарда орналасқан Машат-Арасан, Бекзат Саттарханов атындағы лагерь, Қарлығаш, Үш бұлақ, Таң-Шолпан, Көктөбе, Айсанар сынды сауықтыру лагерьлерінде өтуде. Бұл демалыс орындары заманауи талаптарға сай жабдықталып, балалардың жан-жақты дамуына арналған түрлі білім беру, спорттық және мәдени-шығармашылық бағдарламалармен қамтылған.

2025 жылғы 17 шілдедегі жағдай бойынша лагерьлерге 3331 бала жолданған. Қалған балаларды кезең-кезеңімен жолдау жұмыстары шілде мен тамыз айларында жалғасады.

Балалар жазғы демалыс барысында:

  • Түрлі тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысады;
  • Танымдық және шығармашылық үйірмелерге тартылады;
  • Спорттық жарыстар мен ойындарға белсенді араласады;
  • Табиғат аясында уақыт өткізе отырып, жаңа достар тауып, командамен жұмыс істеуді үйренеді.

Жазғы лагерь жұмысы кезінде балалардың қауіпсіздігіне, медициналық қызметпен толық қамтылуына, сапалы тамақтануына және демалысты мазмұнды әрі қызықты өткізуіне ерекше мән берілуде. Әрбір лагерьде медицина қызметкерлері, тәлімгерлер, педагог-психологтар мен тәрбиешілер тұрақты жұмыс істейді.

Мұндай кешенді демалыс – балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін ашуға, әлеуметтік бейімделуіне және жаңа оқу жылына сергек күйде оралуына мүмкіндік береді.

Бұл бастама Шымкент қаласы әкімдігінің, білім басқармасының және жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар ауқымын кеңейтіп, жыл сайын көбірек баланың сапалы жазғы демалыспен қамтылуы жоспарлануда.

Қатысты жаңалықтар

Шымкентте Қарттар күніне орай мерекелік іс шара өтті

bastynews

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МАҚТА ШИКІЗАТЫН ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Bastynews

Асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді

Bastynews