Ақпарат Басты жаңалықтар

ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КӘСІБИ БАҒДАР: EDUCAMPSHYM ЖӘНЕ PROFSTART ЖОБАЛАРЫ СӘТТІ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

2025 жылғы 26 мамыр мен 4 шілде аралығында Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушыларды кәсіби бағдарлау және болашақ мамандыққа бағыттау мақсатында кең ауқымды екі жоба – «EduCampShym» және «PROFSTART» табысты жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар Шымкент қаласы білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына арналған тәжірибеге негізделген кәсіби бағдар жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Аталған жобалардың басты мақсаты – мектеп жасындағы балалардың өз қабілеттерін ерте танып, саналы түрде болашақ мамандығын таңдауға көмектесу, сонымен қатар жоғары және техникалық білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер мен оқушылар арасындағы байланысты күшейту. Бұл – бүгінгі еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлаудың алғашқы және маңызды қадамы.

«EduCampShym» жобасы Шымкент қаласындағы 9 жоғары оқу орнының базасында жүзеге асырылып отыр. Жобаға 9–10 сынып оқушылары тартылған.

Ал «PROFSTART» жобасы 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының базасында ұйымдастырылды. Бұл жоба негізінен 7–8 сынып оқушыларына арналған. Мақсаты – мектеп оқушыларын техникалық және жұмысшы мамандықтарының мән-маңызымен ерте жастан таныстыру. Жоба аясында оқушылар колледждердегі оқу-өндірістік шеберханаларда болып, түрлі құрал-жабдықтармен жұмыс істеу тәсілдерін көріп, іс жүзінде кәсіби машықтарды байқап көру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар шеберлік сағаттары, мотивациялық тренингтер мен практикалық тапсырмалар арқылы олардың өз-өзіне сенімділігі мен кәсіби қызығушылығы арта түсті.

Аталған екі жобаға барлығы 7576 оқушы қамтылып отыр. Бұл – кәсіби бағдар беру жүйесін ауқымды деңгейде іске асырудың нақты көрсеткіші. Жобаларға тартылған оқушылардың барлығына болашақ мамандық таңдауына қажетті ақпарат беріліп қана қоймай, олардың жеке қабілеттері мен бейімділіктерін ескеруге мүмкіндік беретін бағыт-бағдар ұсынылды.

Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан EduCampShym және PROFSTART жобалары – білім беру саласындағы озық тәжірибені қолданудың, балалардың кәсіби бағытын дұрыс таңдауға көмектесудің және кадрлық әлеуетті ерте қалыптастырудың жарқын үлгісі. Осындай жобалар жалғасын тауып, жыл сайын жетілдіріле түссе, саналы таңдау жасаған, еңбекке бейім, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мақсаттарымыз нақты іске аса беретіні сөзсіз.

Қатысты жаңалықтар

ЭТНОМЕДИАЦИЯ В СИСТЕМЕ ПРОФИЛАКТИКИ МЕЖЭТНИЧЕСКОЙ КОНФЛИКТНОСТИ

bastynews

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА

bastynews

Коронавируске қарсы вакцина сынағына қатысқан ерікті қайтыс болды

Bastynews