Астанада ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың төрағалығымен облыстық білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдері басшыларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Жиында еліміздің оқу-ағарту жүйесін дамытудың басым бағыттары мен стратегиялық міндеттері сараланып, білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асырылуына қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Министр өз сөзінде педагогтің ел болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталып, қазіргі мұғалімнің мәртебесі мен миссиясы бұрынғыдан да биік екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң елімізде ұстаздарға деген көзқарастың түбегейлі өзгеруіне жол ашты.
— «Бүгінгі мұғалім – қоғамды жаңғыртудағы басты тұлға. Сондықтан да барлық білім басқармалары мен бөлімдері басшыларына «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тағы да ескертемін. Біз педагогтің тек білім беруші емес, елдің стратегиялық ресурсы екенін нақты түсінуіміз керек», — деді Ғани Бейсембаев.
Кадрлық резерв пен көшбасшы буын: жаңа формацияны даярлау
Кеңесте министр «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» атты бағдарлама туралы да кеңінен баяндап өтті. Бұл бастама – өңірлік және аудандық деңгейде жаңашылдық енгізуге қабілетті, білікті және заманауи ойлай алатын жаңа буын басшыларын даярлауға бағытталған. Бағдарлама аясында басқарушылық әлеуеті бар мамандарды анықтап, оларды мақсатты түрде оқыту, тәжірибеден өткізу және мансаптық өсімін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Министрлік бұл бағдарлама арқылы білім саласындағы басқарушылық мәдениетті жаңартып, жергілікті жерлерде шешім қабылдау сапасын арттыруды көздейді. Осыған байланысты кадрлық резервке енген қатысушыларды басқару лауазымдарына тағайындау процесін жеделдету тапсырылды.
Жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – білім беру мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігі. Министр оқу жылының қауіпсіз әрі тұрақты өтуі үшін мектептерде бейнебақылау жүйелері, өртке қарсы жабдықтар, турникеттер мен медициналық пункттер сияқты қауіпсіздік инфрақұрылымын толыққанды қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.
Министрлік тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Ал өңірлік білім беру басқармалары өз кезегінде мемлекеттік саясаттың нақты іске асуына жауапты құрылым ретінде бұл бастамаларды жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асыруы тиіс.