Ақпарат Қоғам Мәдениет

ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМ: ЖАСТАР КӨЗҚАРАСЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Шымкент университетінде жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Студенттік ғылым: жастар көзқарасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция табысты өтті.

Аталған іс-шараға алыс және жақын шет мемлекеттерден, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарынан белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысып, өзекті мәселелерді қамтыған мазмұнды баяндамалар жасады. Пленарлық отырыс барысында Польша мемлекетінің Познань қаласындағы А.Мицкевич университетінің профессорлары — Богуслава Леска, Беата Мессиаш және Войцех Анковиак; Қырғызстандағы И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінен Тумонбаева Мира Жээнбаевна; Пәкістанның Фейсалабад қаласынан Махмуд ар-Рахман Ансари (ZOOM платформасы арқылы); сондай-ақ Австрияның Линз қаласындағы Johannes Kepler Universität өкілі Мақсұт Санжар баяндама жасап, студенттік ғылымның маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Қазіргі жаһандық дәуір – білім мен технология бәсекесінің ғасыры. Экономикалық қуат, саяси тұрақтылық пен мәдени ықпал енді табиғи байлық пен өндірістік әлеуетпен ғана емес, ең алдымен, елдің ғылыми-зерттеу әлеуетімен, инновациялық дамуымен және жоғары білім сапасымен өлшенеді. Осы тұста ғылымды кеңінен танымал ету, отандық ғалымдардың жетістіктерін ілгерілету, жас зерттеушілерге нақты қолдау көрсету мен жоғары білім жүйесін дамыту – Қазақстанның ұзақ мерзімді өркениеттік болашағының өзегі болып табылады.

Конференция аясында А.Мицкевич университетінің профессоры Богуслава Лескаға Шымкент университетімен ғылым және білім беру саласында тиімді серіктестік орнатқаны, бірлескен зерттеулер жүргізуге және академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қосқан үлесі үшін «Шымкент университетінің Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табысталды.

Сонымен қатар, конференция барысында 7 бағыт бойынша студенттік секциялар ұйымдастырылып, білім алушылар белсенділік танытып, ғылыми баяндамалар жасады. Әр секцияда үздік деп танылған студенттер I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Бұған қоса, ғылыми бастамаларымен көзге түскен қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Бұл халықаралық деңгейдегі конференция студенттердің ғылыми ой-өрісін кеңейтіп, оларға өз идеяларын кәсіби ортада дәлелдеу мүмкіндігін берді. Сондай-ақ, ғылымға бет бұрған жас буын өкілдерін қолдау, тәжірибе алмасу және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту жолында маңызды қадам болды.

Қатысты жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ РУХАНИ МҰРАНЫ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ТАРИХИ ЖАДЫНЫ ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ ҒЫЛЫМИ БАСТАМАЛАР

bastynews

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды

bastynews

Түркістан қаласында Заң және тәртіп форумы өтті.

bastynews