Қазақстанда жастарды ерте жастан еңбекке бейімдеу және саналы кәсіптік таңдау жасауға мүмкіндік беру мақсатында білім беру саласында жаңа бастама қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасы және 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еліміздің барлық орта білім беру ұйымдарында «педагог-кәсіптік бағдар беруші» (педагог-профориентатор) лауазымы ресми түрде енгізілді. Бұл – еліміздің білім беру жүйесі үшін тың қадам әрі маңызды жаңалық.
Бүгінгі таңда еңбек нарығы қарқынды өзгеріп, жаңа мамандықтар мен кәсіптер пайда болуда. Осыған орай, оқушылардың болашақ мамандығын дұрыс әрі саналы таңдауы – олардың өмірлік жолын айқындайтын маңызды кезең. Бұл тұрғыда кәсіби бағдар жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі аса өзекті.
Жаңа енгізілген педагог-профориентатор лауазымы осы мәселені шешуге бағытталған. Бұл маман мектептегі оқушыларға кәсіби бағдар беру бойынша жоспарлы әрі мақсатты жұмыс жүргізіп, олардың қабілеті мен бейіміне сай болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес, сұранысқа ие салалар туралы өзекті ақпарат ұсына отырып, оқушының өз әлеуетін дұрыс арнаға бағыттауына септігін тигізеді.
Педагог-кәсіптік бағдар беруші қызметінің мазмұны жан-жақты әрі кешенді. Оның негізгі бағыттары төмендегідей:
Оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету – әр оқушының қызығушылығы мен қабілетін ескере отырып, болашақ мамандыққа қатысты нақты кеңес беру; Жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізу – кәсіби диагностика құралдарын пайдалана отырып, әр оқушының бейіндік ерекшелігін анықтау;
Кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру – кәсіби кездесулер, ашық есік күндері, экскурсиялар, мастер-кластар ұйымдастыру арқылы оқушыларды түрлі мамандықтармен таныстыру;
Бұл міндеттер мектеп пен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейтіп, оқушылардың шынайы өмірге бейімделуін жеңілдетеді.
Жаңа лауазым иелері кәсіби бағдар беру саласында арнайы дайындықтан өтеді.
Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отырған педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы – білім беру жүйесін жаңа мазмұнмен толықтырып, оқушылардың кәсіби бағдарлануына бағытталған ауқымды әрі стратегиялық маңызы бар шешім. Бұл жаңашылдық еңбек нарығы мен білім беру арасындағы байланысты күшейтіп, елдің болашағы саналатын жас ұрпақты еңбекке бейім, өз жолын дұрыс таңдай білетін, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде тәрбиелеуге бағытталады.