Ақпарат Қоғам

ҚАЗЫҒҰРТТА ҚАРЖЫЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және борыштық міндеттемелер бойынша құқықтық көмек көрсету мақсатында кешенді кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды.

Бүгінгі жаһандану мен цифрлану дәуірінде халықтың қаржылық сауаттылығы – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Қаржылық білім – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның әл-ауқаты мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құрал.

Осыған орай, Қазығұрт ауданында «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді. Шара барысында азаматтарға күнделікті өмірде кездесетін қаржылық қиындықтарды сауатты еңсеру жолдары, соның ішінде несиелік міндеттемелерді дұрыс басқару, банк өнімдерін тиімді пайдалану, алаяқтардан қорғану және қаржылық тәуелділіктің (соның ішінде лудоманияның) алдын алу мәселелері бойынша жан-жақты кеңес берілді.

Кеңес беру аясында тұрғындарға есеп-шоттары бұғатталған жағдайда не істеу керек, қандай құқықтық шешу жолдары бар екені, төлем қабілеттілікті қалпына келтіру тетіктері мен қаржылық жоспар құру жолдары жөнінде нақты әрі пайдалы ақпараттар ұсынылды.

Семинарға арнайы шақырылған сала мамандары – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша жетекшісі Әзімбай Жандос және педагог-психолог Абдирахманова Шара өз бағыттары бойынша тың мәліметтермен бөлісті.

– Қаржылық сауаттылықты бала кезден қалыптастыру – тұрақты болашақтың негізі. Азамат өз қаражатын басқаруды, тұтынушы ретінде құқығын қорғауды және әрбір қаржылық әрекетінің салдарын түсінуді үйренуі тиіс. Бұл – тек жеке табысқа емес, жалпы қоғамның қаржылық мәдениетіне әсер ететін маңызды фактор, – деді Жандос Әзімбай.

Спикерлер қаржылық сауатсыздықтың тек материалдық емес, психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға да себеп болатынын атап өтті. Әсіресе, ойынқұмарлықтың (лудомания) таралуы қоғамда қаржылық білім беру жұмысын күшейтудің өзектілігін көрсетіп отыр.

– Қаржыға қатысты қиындықтар – отбасындағы жанжал, күйзеліс, жалғыздық және тәуелділікке әкеп соғуы мүмкін. Мұның түп-төркіні – қаражатты дұрыс басқармаудан, яғни қаржылық сауатсыздықтан бастау алады, – деді психолог Шара Абдирахманова.

Кеңес беру барысында тұрғындар мамандардан жеке сұрақтарына нақты жауаптар алып, құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша тегін көмекке жүгінді.

Қатысты жаңалықтар

Масыл болма!

Bastynews

Мамин карантин шараларын кезең-кезеңімен алуды тапсырды

Bastynews

ҚАРТТЫҚТЫҢ ДА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БАР

Bastynews