Қазіргі таңда Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде даму жолын жалғастырып келеді. Бұл бағытта әрбір азаматтың құқықтық сауаты мен мәдениеті – әділетті және өркениетті қоғам құрудың негізгі тірегі. Құқықтық мәдениет – бұл тек заңдарды білу емес, сонымен қатар оларды күнделікті өмірде қолдана білу, өз құқығыңды бұзбай, өзгелердің де құқығына құрметпен қарау.
Осы мақсатта Түркістан облысы, Арыс қаласында тұрғындарға арналған қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар-кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында тұрғындар жиі кездесетін қаржылық қиындықтар, алаяқтық әрекеттерден сақтану, несие шарттарын дұрыс түсіну жолдары, есеп-шоттарды бұғаттан босату үшін не істеу керектігі және оны шешудің нақты құқықтық жолдары жөнінде кәсіби кеңес алды.
Кездесуге Жандос Әзімбай – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі және Шара Абдирахманова – педагог-психолог, психологиялық-педагогикалық бағытта кеңес беруші маман қатысты.
Жандос Әзімбай: «Құқықтық және қаржылық білім – әр азаматтың жеке қауіпсіздігінің кепілі. Әркім өз құқығын біліп, мүддесін заң аясында қорғай алуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – осы жолда тұрғындарға бағыт-бағдар беру», – деді.
Шара Абдирахманова: «Қаржылық сауаттылықтың болмауы адамның психологиялық жай-күйіне тікелей әсер етеді. Бұл күйзеліс, отбасындағы түсініспеушіліктер мен лудомания сияқты қиындықтарға алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өзінің ішкі және сыртқы тепе-теңдігін сақтауды үйренуі қажет», – деп атап өтті.
Кездесу ашық әрі еркін форматта өтті. Тұрғындар мамандарға өздерін мазалаған нақты сұрақтарын қойып, өмірлік маңызы бар пайдалы кеңестер алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын жоғары бағалап, осындай еркін диалог алаңдарының жиі ұйымдастырылып тұруын қалайтындарын жеткізді.