Сауран ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қарыздық міндеттемелерге қатысты заңдық көмек көрсету бағытында кешенді кеңес беру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі жаһандану мен цифрлық даму дәуірінде тұрғындардың қаржылық сауаты – елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік жағдайының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Қаржылық сауат – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды құрал.

Осы мақсатта Сауран қаласында тұрғындарға қаржы саласында білім беру және қарыз алушыларға заң тұрғысынан қолдау көрсетуге бағытталған кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Бұл жұмыс «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасының аясында ұйымдастырылып, халыққа күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық мәселелерді дұрыс шешу жолдарын ұсынуға арналды.
Шара барысында қатысушыларға жеке бюджетті басқару, банк өнімдерін тиімді пайдалану, несие алу мен өтеу шарттарын дұрыс түсіну, қаржылық алаяқтықтан сақтану, сондай-ақ ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша жан-жақты кеңестер берілді. Сонымен қатар азаматтарға есеп-шоттарының бұғаттан босатылуы, шешімін табудың мүмкін жолдары, борыштық дауларды шешу, қаржы жоспарын құру, төлем қабілетін бағалау және несиелік жүктемені азайту бойынша нақты практикалық кеңестер ұсынылды.
Семинарға саланың кәсіби мамандары – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Жандос Әзімбай және педагог-психолог Шара Абдирахманова арнайы шақырылып, өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.
– Қаржыға қатысты білім мен дағдыларды ерте жастан қалыптастыру – болашақ ұрпақтың тұрақты әрі қауіпсіз өмір сүруіне жол ашады. Ақшаны орнымен жұмсау, тұтынушы құқығын білу, чек талап ету секілді әдеттер бала кезден дарытылуы керек. Бұл – қоғамның қаржылық мәдениетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді қадам, – деді Жандос Әзімбай.
Кездесуде сарапшылар қаржылық білімнің жеткіліксіздігі тек материалдық емес, сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік мәселелерге – күйзеліс, отбасылық кикілжің, жалғыздық сезімі мен ойынқұмарлыққа әкелетінін атап өтті. Әсіресе, лудоманияның таралуы еліміздегі қаржылық сауат деңгейін көтеру қажеттігін көрсетеді.
– Қазіргі таңда қоғамда орын алатын көптеген түйткілдердің негізі – қаржылық мәселелерде жатыр. Ойынқұмарлық, несиеге тәуелділік, қаржылық күйзеліс – бұлардың барлығы адамның психологиялық жағдайына, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасына және қоғамдағы орнын анықтауға кері әсер етеді. Мұның бәрі – қаржыға қатысты білімнің тапшылығының салдары, – деді психолог Шара Абдирахманова.

Кеңес беру барысында тұрғындар нақты сұрақтарына жауап алып, несие шарттары, төлем мүмкіндігі, қаржы жоспарын құру, шоттарды бұғаттан босату жолдары, қарыз жүктемесін реттеу, сондай-ақ борышкерлердің өз құқықтарын қорғау және тиісті мекемелерге жүгіну тәртібі бойынша тегін кеңес алды.
Turkistan #Түркістан #Туркестан #AFM #АФМ