КЕНТАУДА ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
Кентау қаласында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және борыштық міндеттемелер бойынша құқықтық көмек көрсетуге бағытталған кешенді кеңес беру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі жаһандану және цифрлану дәуірінде халықтың қаржылық сауаттылығы – елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әл-ауқатының маңызды құрамдас бөлігі. Қаржылық білім – тек жеке адамның мүддесін емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты құралдардың бірі. Осы орайда, Кентау қаласында тұрғындарға қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Аталған шара «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ұйымдастырылып, азаматтарға күнделікті өмірде кездесетін қаржылық мәселелерді сауатты шешу жолдарын ұсынуға бағытталды. Шара барысында тұрғындарға қаржы жоспарлау, банк өнімдерін дұрыс пайдалану, несиелік міндеттемелерді тиімді басқару, алаяқтықтан қорғану және лудомания сынды қаржылық тәуелділік түрлерінің алдын алу бойынша кешенді кеңес берілді.

Сонымен қатар азаматтарға банк есепшоттарының бұғатталу себептері, оларды шешу жолдары және есеп-шотты қайта ашу үшін қандай құжаттар мен әрекеттер қажет екендігі туралы нақты әрі практикалық кеңестер берілді. Мамандар салықтық берешек, берешек туралы хабарламалар, сот шешімдері мен инкассалық өкімдерге қатысты жағдайларды қалай реттеу керектігі жөнінде де ақпарат ұсынды. Тұрғындар өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгіну керектігін, қандай мемлекеттік органдар мен электрондық сервистер арқылы шағым жолдауға болатыны туралы айтылды.
Семинарға сала мамандары – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша жетекшісі Әзімбай Жандос және педагог-психолог Абдирахманова Шара арнайы шақырылып, өз бағыттары бойынша тың әрі пайдалы ақпараттармен бөлісті.
– Қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру – болашақ ұрпақтың тұрақты әрі қауіпсіз өмір сүруіне негіз болады. Қаражатты дұрыс басқару, тұтынушы ретінде өз құқығын білу, түбіртек талап ету сынды дағдылар бала кезден дағдыға айналуы тиіс. Бұл – ұзақмерзімді нәтиже беретін, қоғамның қаржылық мәдениетін көтеретін маңызды қадам, – деді Жандос Әзімбай.
Кездесу барысында спикерлер қаржылық білімнің төмендігі тек экономикалық емес, сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға – күйзеліс, отбасылық жанжал, жалғыздық сезімі және лудоманияға әкеп соғатынын айтты.
– Қазіргі қоғамда кездесетін көптеген мәселелердің түп-төркіні қаржыға байланысты. Лудомания, несиеге тәуелділік, қаржылық күйзеліс – бұлардың барлығы адам психикасына, отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа, тіпті қоғамдағы орнына кері әсер етеді. Мұның бәрі қаржылық сауатсыздықтан бастау алады, – деді психолог Шара Абдирахманова.

Кеңес беру барысында тұрғындар мамандардан нақты сұрақтарына жауап алып, несиелік міндеттемелер, төлем қабілеттілігі, қаржылық жоспар құру бойынша тегін көмек алды. Сонымен қатар, борышкерлер өз құқықтарын қорғау үшін қайда және қалай жүгіну керектігі, есеп-шотты бұғаттан босату жолдары, заң шеңберінде өз мүддесін қорғау құралдары туралы толық әрі қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз етілді.
Turkistan #Түркістан #Туркестан #AFM #АФМ